Қазақстандық өнімдерге Парсы шығанағында сұраныс арта бастады
Қазақстанда жасалған өнімдерге Парсы шығанағында сұраныс арта бастады, деп хабарлайды 24KZ. Бүгін Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастаған делегация Біріккен Араб Әмірліктерінің бірнеше сауда желісімен келісімге келді.
Атап айтсақ, LuLu Group International және Grandiose басшылығымен келіссөздер нәтижесінде қазақстандық өнімдердің экспортын кеңейту, 2025 жылы маркетингтік кампания өткізу, жеке сауда маркалары арқылы экологиялық таза өнімдерді тұтынушыларға жеткізу жөнінде меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ LuLu желісінде қазақстандық өнімдерге арналған дегустациялық бұрыш ұйымдастырылды.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Бүгін біз мына Grandiose сауда желілерімен меморандумға қол қойдық. Осында біздің Қазақстанда жасалған тауарлар сататын болады. Grandiose әмірлікте 50-ден астам гипермаркеттері бар. Осы бізге экспорт арттыру үшін жақсы, үлкен мүмкіншілік.