«Аяз ата, Ақшақар фестивалі» дәстүрлі мерекеге айналады

«Аяз ата, Ақшақар – 2024» республикалық фестивалі өтіп жатыр. Бұл ерекше іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 150 Аяз ата мен Ақшақар жиналды. 

Басты мақсат – өлкенің қысқы туристік әлеуетін көрсетіп, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй силау. Алғаш рет ұйымдастырылған бұл байқау бұдан былай дәстүрлі мейрамға айналмақшы.

«Аяз ата, Ақшақар – 2024» ресупбликалық фестивалі Алтай тауларының бөктеріндегі Риддерде басталды. Жан-жақтан жиналған жаңа жылдың басты кейпікерлері кеншілер қаласын әп-сәтте ертегілер шаһарына айналдырды. Осыдан соң мерекелік байқауға қатысушылар Өскеменге жол тартты.

Эльмира Ахметова, тілші:

- «Аяз Ата мен Ақшақарлар» фестивалі Ұлытау, Ақтөбе, Павлодар, Абай, Батыс Қазақстан сынды бірнеше облыстан келген қонақтардың басын қосты. Бұндай іс-шараның ел шығысында өткізілуі бекер емес. Өлкеде осындай таулы Альпі, Таулы Үлбі сияқты тау шаңғысы базалары көп. Қысқы туризмнің орталығына айналатындай мүмкіндік бар. Сондықтан ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат та қолда бар мүмкіндікті көрсету, насихаттау.

Бұл  жерде биік тау да, шырша да, қалың қар да бар. Тұмса табиғат қонақтарды таң қалдырды. Ақтөбеден Аяз ата мен Ақшақар кейіпінде келген Абылай мен Гүлнұр жас отбасы. Олар бірден аспалы жолға көтерілуді жөн санапты. Енді жастар болашақта отбасымен саяхаттап келуді жоспарлап қойды.

Гүлнұр Нұрсұлтанова, ақшақар:

- Әрине баламызды алып шаңғыға үйреткіміз келеді. Жаңа таудан түсіп келе жатқан балаларды көріп жатырмыз, спортпен айналысатындары керемет. Солай біз де балаларымызбен болашақта келуді армандаймыз.

Мұнда 150-ге жуық жаңажылдың басты кейіпкері жиналды. Олардың ішінде әншілер де, бишілер  де бар. Әсіресе спортшы Аяз Аталар мен Ақшақарлардың айы оңынан туды. Олар шаңғы тебудегі шеберліктерін ортаға салды. Күн райы да қолайлы болды.

Думан Әбілтаев, аяз ата:

- Шығыс Қазақстанға алғаш келуіміз. Риддердің табиғаты өте әдемі екен, бізге қатты ұнады. Бізде Ұлытауда көбіне жазық дала ғой, ал мына жақтың табиғаты керемет.

«Аяз ата мен Ақшақар байқауы» өңірде демалып жүрген туристер үшін  де тосын сыйға айналды. Астанадан келген Айгүл осындай таңғажайып мейрамға тап болам деп ойламапты.

Айгүл Ақылбекова, турист:

- Осындай керемет іс-шараға топ ете қалдық. Екінші күн демалып жатырмыз, өте керемет өтіп жатыр. Осындай деңгейде болады деп ойламадық. Бәрі жақсы ұнап жатыр.

Жаңажылдық фестиваль үш күнге созылады. Аяз ата мен Ақшақарлар шеруі облыс орталығындағы бас шыршаны жағумен аяқталады.