Астанада жаңажылдық көріністер көз тартады

Биыл Астананың 6 ауданында 30 шырша бой көтерді. 60-тан астам сәулет нысаны менмұндалап тұр. Мереке қарсаңында қала әкімдігі «Үздік аула» атты байқау да жариялады. Оған кез келген мекеме қатыса алады. 

Жаңажылдық шыршаларды түрлі түсті шамдарсыз елестету мүмкін емес. Ерке есілдің жағасында бой түзеген Астана мереке қарсаңында тіпті түрленіп кетеді. Әсіресе шаһардың түнгі көрінісі ерекше көз тартады. Қаланың 6 ауданында 30 шырша бой көтерді. 60-тан астам сәулет нысаны менмұндалап тұр. Сондай-ақ  50 көше мен басты даңғылдарда самаладай шамдар жар-жұрқ етеді . Мұның барлығы тұрғындар мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

6 ауданда 30 шырша

60-тан астам сәулет нысаны

50 көше безендірілді

Мамандардың айтуынша, жаңажылға дайындық қыркүйек айында басталған. Көлемі мен пішіні сан түрлі мүсіндерді орнатуға 500-ге тарта техника мен жұмысшы жұмылдырылыпты. Бір ай ішінде шаһар жаңа кейіпке енді.  Бір ерекшелігі биыл ұлттық нақыштағы  композицаларға басымдық берілген. Безендіруге кететін қаржы да жылдан жылға аз жұмсалуда. Яғни шыршаны әртүрлі шамдарды бірнеше жыл пайдалануға болады, -  дейді қала әкімдігі. 

Мирас Абдрахман, Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары:

- Біз жыл сайын қаражатты үнемдеу мақсатында өткен жылғы жаңажылдық әшекей заттарын қолданып жатырмыз. Осы қаланың безендірілуіне бизнес өкілдері белсенді атсалысып жатыр. Сырғанақтар, мұз айдындар, балалар ойнайтын жерлер абаттандырылып дайындады.

Қаланың аумағы өскен сайын абаттандырылатын орындар да жылдан жылға көбейіп келеді. Мәселен биыл бас шырша алғаш рет Нұра ауданында орнатылды. Жасыл желекті тамашалаған жас пен жасамыш шат-шадман күйде. Мұндай шыршалардың ең кішісі 7 метр болса, үлкені 25 метрге жетеді.

Әлия Әбсеметова, Нұра ауданы әкімінің орынбасары:

- Біздің ең үлкен шыршамыз. Ашылуына 3 мыңнан астам адам қатысқан болатын. Шыршамызда 2,5 мың ойыншық, 12 мың гирляндамен безендірілген. Оң жағалаудың, сол жағалаудың тұрғындары мен қала қонақтарына локация ыңғайлы. Өте әдемі деп есептеймін. Коментарий оқысаңыздар «Бұл қай жақта?», «Лондонның шыршасынан да әдемірек» деп айтып жатыр енді.

Назерке Тоқжан, тілші:

- Жаңа жылдық безендірудің басым бөлігі мына мен тұрған Астана-Арена аумағында орналасқан. Мұнда тұрғындардың мерекелік көңіл күйді сезінуіне барлық жағдай жасалған. Әрине жаңа жылдық думанның басты нышаны шыршадан бөлек, түрлі ойын-сауық атрибуттары бар. Осылайша жаңажылдық қарбалас үстіндегі ару Астана одан сайын ажарлана түскендей.  Қала тұрғындары да қалыс қалмай, бұл іске өз үлесін қос алады. Себебі биыл қала әкімдігі  Нұра ауданында «Үздік аула» байқауын жариялады. Ең креативті ойларымен дараланғандарына желтоқсанның 27-і күні бағалы сыйлықтар табыс етіледі.