Заң мен тәртіп: жол қауіпсіздігі
Жылдамдықты асыру. Жауапсыздық. Жантүршігерлік жол апаттарының басты себептері осылар.
Елде жол апаты азаймай тұр. Қайғылы статистика мамандарды да алаңдатып отыр. Ішкі істер министрлігі мен бірнеше құзырлы орган бірігіп, қарашаның амандығы үшін күшейтілген талаптарды іске қосты.
Кәмшат Мұхамеджан, тілші:
- Жыл басынан елде 23 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Сәтсіз сапарда 36 250 адам жарақат алған. Тағы 2 345 жолаушының өмірі қара жолда қиылды. Өткен жылмен салыстырғанда өсім екі есені көрсетті. Апат ең жиі болатын өңірлер үштігінде алып шаһар Алматы мен Түркістан, Жамбыл облыстары бар. Жолдағы қауіпсіздік жайы құзырлы орган өкілдерін де алаңдатып қойды. Ішкі істер министрлігі апаттың санын азайту мақсатында жаңа жүйені іске қосты.
Алматы – 357
Түркістан облысы – 245
Жамбыл облысы – 241
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ ресми өкілі:
- Жыл басында Астана қаласында жол жүрісі қағидаларын анықтауды автоматтандыру жұмыстарын бастадық. Пилоттық жоба ретінде. Бағдаршамның сары түсіне өтіп кету. Соны автоматтандыру нәтижесінде қазіргі таңда көше, жол қиылыстарындағы жол апаттарының саны азайды және жаяу жүргіншілерді қағып кету дерегі азайды.
Жолдағы апат азаймауының бір себебі – маман даярлау ісіндегі олқылық. Қазір елде оқу орталығы көп-ақ. Бірақ барлығында дерлік қажетті материалдық база жоқ. Автомектеп ашуға лицензия мен рұқсат та талап етілмейді. Темір тұлпар тізгініне отыратын адамға алқашқы әліппені дұрыс үйретпегені үшін әкімшілік жауапкершілік те қарастырылмапты. Трассадағы тәртіпті ретке келтіруге тікелей Үкімет басшысы араласты. Көлік және Ішкі істер министрлігіне жүгенсіз жүргізушілерді жөнге салуға тапсырма берді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Халықаралық тәжірибені талдап, қажет болған жағдайда жүргізушілерді даярлау және жүргізуші куәліктерін алу тәсілдерін қайта қарау керек. Автокөліктің техникалық жағдайы жол қозғалысы қауіпсіздігіне әсер етеді. Жыл сайын автопарк өсіп келеді. Ал автокөліктерді техникалық тексеру сапасыз жүргізіледі. Техникалық қызмет көрсету орталықтары бас пайдасын ғана ойлап, дұрыс жұмыс істемейді. Техникалық тексеру орталықтарының жұмысын жөнге келтіретін уақыт жетті.
Премьер-министр пәрменінен соң тиісті заңға өзгеріс еңгізілді. Техникалық қызмет көрсету орталықтарындағы тәртіп қатаңдатылды. Бұрыңғыдай дайын құжатты ала салу, сатудың жолы кесілді. Көлікті толық тексеріп, сараптама жасау міндеттелді. Ал айласын асырғысы келген операторларға лицензиядан айыру жазасы еңгізілді.
Ғабит Шымырбаев, ҚР Көлік министрлігінің басқарма басшысы:
- Көлік құралын әкелмей, өткізбей құжатты беру бойынша біз операторларға лицензиясын алу жөнінде тиісті өзгеріс еңгіздік. Яғни сіз көлігіңізді апармай қолма-қол құжатты алып жатсаңыз, ондай болса сол операторлардың жұмысы тоқтатылады. Биылдан бастап осы заңға өзгерістер еңгізіліп, қазір күшіне еніп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қауіпсіздікке жолдың жағдайы да тікелей әсер етеді. Биыл республикалық маңыздағы 8 700 шақырым автожол жөнделді. Арқа мен Алатауды жалғайтын қос аралық тақтайдай тегіс кейіпке еніп, «Қарағанды-Балқаш-Алматы» бағыты пайдалануға берілді. Қысқы-жазғы күтіп баптау жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы тапсырмасымен техникалық базаны нығайту жұмыстары қолға алынған. Бүгінгі таңда «Қазавтожол» қарамағындағы паркте 2 586 бірлік техника бар. Бұл қажеттіліктің 35%-ын құрап отыр.
Дархан Иманашев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Биыл қауіпсіз көлік қозғалысын қамтамасыз ету үшін 63 мың тонна техникалық тұз, 104 мың тонна текше метр құм, 172 текше метр қиыршық тас дайындалды. Былтырғы жылмен салыстырғанда көктайғаққа қарсы материалдың көлемін үш есеге ұлғайттық. Қар басу қауіпі бар 2200 шақырым нақтыланды. Осы учаскелерде тәуекелдерді алып алу мақсатында 1000 уақытша қалқандар орнатылды.
Жол салуда сапаны ұмытып, салғырт қараған мердігерлерге биыл қатаң шара қолданылды. Жүргізілген тексеріс нәтижесінде төселген трассаларда 2900 ақау анықталған. Жұмысына жүрдім-бардым қараған бірқатар компания 136,3 млн теңге көлемінде айыппұл арқалады. 10 маман жұмыстан шеттелді. Қарашаның амандығы үшін қадам-қадам шаралар атқарылды. Әлі жасалар жұмыс көп. Басты сақтық өзімізден. Қара жол қателікті кешірмейтінін қаперден шығармаған жөн.