Өңірде балық қорын көбейту шаралары қолға алынды
Қызылорда облысында соңғы үш жылда тауарлы балық өндіру көлемі 5 есе артты.
Дегенмен өңірге өзге облыстар мен шетелден де су маржаны жеткізіліп жатыр. Бұл өнімнің қымбаттауына әсер ететіні белгілі. Мамандар мәселені шешу үшін қандай жоспар әзірелді?
Қызылорда облысында екі жүзден астам көлден, Сырдария өзені мен Арал теңізінен балық ауланады. Биыл осы су айдындарынан 4 жарым мың тоннаға жуық су маржаны сүзілді. «Мұнан бөлек өңірге Атырау мен Дағыстаннан да тауарлы балық жеткізіледі. Ортада делдал көбейгесін, өнімнің бағасы қымбаттай береді», - дейді 27 жылдан бері балық базарында сауда жасап жүрген Айгүл Мұхамеджанова.
Айгүл Мұхамеджанова, кәсіпкер:
- Бензин қымбат, аулайтын аулар қымбат. Жұмысшылар барғаннан кейін киім, қайық, мотор керек. Соның бәрін олар есептеп, орташа бағасын шығарады. Біз үстіне 100 теңге, 150 теңге қойып әрі қарай сатамыз.
Өңірде 10 балық өңдеу зауыты бар. Оның төртеуі шетелге өнім экспорттауға рұқсат беретін «Еурокод» иеленген. Сондықтан су маржанының бір бөлігі Еуропа мемлекеттеріне қымбатқа сатылады. «Табиғат қаскөйлері балық қорының көбеюіне айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Биыл 400-ге жуық заң бұзу дерегі тіркелген. Оның 8-не қатысты қылмыстық іс қозғалды. Мемлекетке келген залал 13 млн теңгеден асты» - дейді мамандар.
Бақытжан Елемесов, Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы:
- Тоқ аппаратымен 2024 жылы істер анықталған. Экспертизада балықтың көзі ұясынан шығыңқы болады және ішкі ағзалары іріп, әрі қарай өсіп-өнуі тоқтайды және балықтың қоректенетін жәндіктерін де ол қырып-жоюға әкеп соғады. Уылдырық шашпай қалады, ағзасы дұрыс жұмыс істемегендіктен көпке ұзамайды.
Өңірде 2021-2030 жылға дейінгі Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы іске қосылған. Оның аясында тауарлы балық өндіру көлемін 111 есе арттыру жоспарланған.
Қайрат Жансұлтанұлы, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
- 2021 жылға дейін 184 тонна балық ауланса, биылғы жоспарымыз мың тонна. Бүгінгі күнде сың тоннаға біз жетіп отырмыз. Былтыр 875 тонна болатын. Сол межеге жетіп жатырмыз. 2030 жылға дейін 16 мың тонна тауарлы балық аулау жоспарланған.
Мамандардың айтуынша, жоба жүзеге асқан кезде өңірдегі балық өңдеу зауыттары шикізаттан тапшылық көрмейтін болады. Жаңа кәсіпорындар құрылып, 500-ден астам жұмыс орны ашылады.