Ұлытау облысында алғашқы креативті хаб ашылды
Ұлытау облысында өнерлі жандарға арналған креативті хаб жұмысын бастады.
Шығармашылық орталық Жезқазғандағы «Ютария» өндірістік – инновациялық компаниясы базасында ашылды. Енді өңірдегі бойында таланты бар кез келген азамат осында келіп, шығармашылығын шыңдай алады.
Аумағы 400 шаршы метрлік ғимаратта креаторлар үшін барлық жағдай жасалған. Қажетті сандық құрылғылар мен шығармашыл жандарға арналған арнайы орын бар. Тігін өнері, блогерлік, сурет салу, ұлттық нақыштағы киімдер тігу, құрақ құрау секілді бірнеше зертхана жасақталған. Болашақта сұраныс артқан жағдайда аумағы ұлғайтылатын болады.
Зина Ақылбекова, облыс әкімінің орынбасары:
- Индустриалды хаб біздің талантты жастарымызға, талантты азаматтарымызға өзінің үлкен үлесін қосады деп. Бұл жұмыстың ең бастамасы. Бүгін көрме ретінде ашып отырмыз. Келесі қадамымыз оларды оқыту.
Креативті хабта қазірдің өзінде облысқа қарасты қала-аудандардан арнайы шақыртылған 30-ға тарта қолөнер шебері жұмысын бастады. Солардың бірі Динара Сейітжапбарова. Мектепте ұстаздық ететін ол қолы бос уақытта балаларға арналған ойыншықтар тігеді.болашақта жеке шеберхана ашсам деген жоспары бар.
Динара Сейітжаппарова, қолөнер шебері:
- Қазіргі таңда балаларға арналған киімдерді ақырындап тігіп жүрмін. Негізі өзімнің өзімнің қызығушылығым, хоббиім деп айтуға болады. Үлкен көмек бізге. Біріншіден біздің өнімімізді елге, халыққа көрсету, насихаттау. Тігіліп қойған заттарымызды көрмеге қойып, сату басты мақсаты.
Бұл жерге өзін басқа қырынан танытқысы келетін кез келген адам келе алады. Олардың талантын шыңдап, өнерін насихаттау үшін арнайы жоспар түзілген. Бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру үшін жаңа жылдан бастап тәлімгерлер жұмыс жасайтын болады. түрлі шеберлік сағаттары ұйымдастырылады.
Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев