«Астана Опера» артистері Дубай көрермендерінің зор ықыласына бөленді

«Астана Опера» балет труппасы Дубай төрінде өнер көрсетіп, кезекті рет көрермендердің зор ықыласына бөленді.

4 күндік гастроль кезінде отандастырымыз 6 қойылым көрсетеді. Басталмай жатып, барлығына билеттер сатылып кеткен.  

Көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова бастаған «Астана Опера» балет труппасы «Дубай опера» сахнасында өнер көрсетіп жатыр. Олар шетелдік көрерменге әйгілі «Щелкунчик» балетін ұсынған. Симфониялық оркестрді италиялық маэстро Джузеппе Акуавива басқаруда. Дубай төрінде өнер көрсеткен әртістердің қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әйгерім Бекетаева, Бахтияр Адамжан, Еркін Рахматуллаев, халықаралық байқаулардың лауреаттары Шұғыла Әдепхан, София Әділханова, Диас Құрманғазы бар. Олар күні ыстық Дубай жұртына қыстың сиқырын сезінуге септесіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Бақтияр Адамжан, «Астана Опера» театрының жетекші солисті:

-Біздің Астана опера бастапқыда салынған кезде халықарадық деңгейге бағытталған халықаралық қарым-қатынасты күшейту үшін, өнер жолы, өнер арқылы инвестициялық шақыртулар алып келу. Себебі Қазақстандағы балет деңгейінің осынша деңгейде екенін көрсетсек, ол еліміздің, халқымыздың рухани бай екенін және де осы елімізде болып жатқан өзгерістердің барлығы оң жағынан болып жатқанының дәлелі. Әртістерге келетін болсақ, бұл деген әрине шабытын арттыру, ел көру, жер көру. Бұл өте күрделі спектакль. Бұны кез келген балет труппалары билей алмайды.

"Щелкунчиктің" әлемнің түрлі театрларында қойылатыны бәріне мәлім. Бірақ "Дубай Опера" басшылығы қазақстандық труппаның орындау шеберлігін ерекше атап өтті.

Паоло Петрочелли, «Dubai Opera» театрының директоры:

"Астана Опера" әртістері осымен екінші рет біздің сахнада өнер көрсетіп отыр. Олар былтыр да көрермендердің ерекше ықыласына бөленген. Сондықтан биыл қайтадан балет труппасын шақыруға шешім қабылдадық. Билеттердің барлығы қойылымдарға дейін сатылып кеткен. Мен қазақстандық әртістердің өнерін тек мұнда ғана емес, Астанаға барған кезімде де тамашалап, жоғары бағамды бердім. Бұл ретте "Астана Опера" театры ғимаратының көркемдігін де атап өткім келеді."

Отандастырымыздың өнерін шетелдік көрермендер де жоғары бағалап, алған әсерлерімен қуана бөлісті.

Аарон Серван, көрермен /Оңтүстік Африка Республикасы/:

"Күнделікті күйбең тіршіліктен қашып кетіп, керемет сезімге бөлендік. Әртістер мерекелік көңіл күй сыйлады. Маған бәрі ұнады."

Артуро Перес Ривера, көрермен /Мексика/:

"Мен Дубайға Мехикодан келдім. Щелкунчикті тағатсыздана күттім. Маған мынадай керемет ғимараттың ішінде әртістердің жоғары деңгейде өнер көрсетуін тамашалау мүмкіндігі бұйырыпты."

Отандастарымыздың гастролі 22 желтоқсанға дейін жалғасады. Ол еліміздің мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған.  Соның арқасында "Астана Опера" әртістеріне әлемнің мәдени әрі экономикалық орталығы - Дубайда қазақстандық балет мектебінің кәсіби шеберлігін жоғары деңгейде көрсету мәртебесі бұйырған. 

ЖҰлдыз Атагельдиева, Сандугаш Байкуаныш