Түркістан облысында екі ауылдың халқы ауыз судан таршылық көріп отыр

Миллиондап ақша бөлсе де ауыз суға жарымады.

Түркістан облысы Келес ауданындағы екі бірдей елді мекен қыста қара суға зәру болып отыр. Төрт жыл бұрын Ақжол мен ҚаУыншы ауылдарын таза сумен қамтуға 900 миллионға жуық теңге  бөлінген. Алайда бұл қаражаттан да, қайран болмай тұр.  Құрылыстың аяқталып, судың берілетін түрі жоқ. Арықтағы сумен күнелтіп жүргенде, қазір, арықтағы су да тоқтап қалды.

Ақжол мен Қауыншы елдімекенінің тұрғындары осы Ашынау каналындағы суды жылдар бойы тұтынып келеді. Алайда соңғы бір айдан бері каналда су жоқ. Өзбекстан жағында жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Соның салдарынан жеті мыңнан аса халық тіршілік нәрінсіз қалды. Ақжол ауылының тұрғыны Әлішер Молдабабаев қолдан қазып алған құдығына 14  тонна су құйдырды. Оны көршісімен бірге тұтынады. Таусылса тағы сатып алуға тура келеді дейді. 

Әлішер Молдабабаев, Ақжол ауылының тұрғыны:

- Құдыққа 20 мың теңгеден су құйдырамыз әрбір бочкасын. Ол маған бір айға жетпейді. Оны екі үй қолданамыз мысалы үшін. Оның бес бала-шағасы бар. Менің үш бала-шағам бар. Кір жууға суды әрең істетіп жатырмыз өзі мысалы үшін. Ішуге суды зорға тауып жатырмыз.

Ауылда қармен күнелтіп отырған тұрмысы төмен отбасылар жетерлік. Себебі жергілікті халықтың басым бөлігі маусым кезінде жалданып жұмыс істейді. Ал қазір жұмыс тоқтап тұр.  

Нұржан Шүленбаев, Ақжол ауылының тұрғыны:

- Анау жерде де қазылды, бір труба жатыр. Оны да ішіп жатыр деп қол қойған шығар үлкендер. Ол су да жоқ. Кешегі қазылған суымыз ол да жоқ әлі. Ертең, арғы күні, міне болады, әне болады. Енді әрбір нәрсенің шегі болады ғой енді ол.

Ауылға су тартуға төрт жыл бұрын жоба жасалып, бюджеттен 894 млн теңге бөлінген еді. Десе де, екі бірдей ауыл халқы әлі күнге тіршілік нәріне зәру. Аудан әкімі өткен аптада өткен брифингте су беріледі деп уәде еткен. 

Жәнібек Ағыбаев, Келес ауданының әкімі:

- Келес өзенінің жағасынан үш жарым шақырым жерден су шықты. осы 15 желтоқсанға дейін фильтрін алып келеді да Ақжол мен Қауыншыға су беріледі.

Алайда содан бері бір апта өтсе де, жұрт сусыз отыр. Осы саланың мамандары болса белгіленген жер астынан да, Келес өзенінің жағасынан да су шықпады деп шынын айтты. 

Алмас Абдуллаев, Келес аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Берілген скважинаның орнынан екі рет қазылды. Одан да бөлек екі рет қазылды су. Келес өзенінің бойынан да қазылды. Бірақ ол жерден де қажетті су көлемі анықталған жоқ.

Ал су жоқ жерді қазған қаражаттың сұрауы бола ма, жоқ па, ол жағын ашып айтпады. Белгілісі,  ауыз суды  Өзбекстан арқылы келетін Ашынау каналынан беретін болды. Ол үшін арнайы жоба жасалмақ.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш