Шымкенттіктерден бір миллиард теңге алимент өндірілді
Биыл Шымкентте 17 мың адам алимент өндіруге арыз берген.
Әділет департаментінің мәліметінше, сот орындаушылармен қордаланған қарыздың төрттен бірі өндіріліп, 531 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мәселені оңтайлы шешу мақсатында табысын жасырғандарға жаза күшейтіліп, тұрақты жұмысы жоқтарға еңбек жәрмеңкесі өткізіліп жатыр.
Диана Төлеген бұрынғы күйеуіне 3 жылдан бері алимент төлете алмай келгенін айтады. Салдарынан оның балалары алдындағы берешегі қордаланып, 5 миллион теңгеден асқан. Жауапкершіліктен жалтарған жігіттің ісі сот орындаушының өндірісіне өтіп, төлем қабілетіне қатысты шешім шықты.
Диана Төлеген, қала тұрғыны:
- Сот орындаушының көмегімен бір рет 800 мың теңге төледі. Кейін үш күн қамауға алған кезде 200 мың теңге төледі. Негізі табысы бар. Жағдайы жақсы. Үй-жайы бар. Арендаға беретін жерлері бар. Бірақ оны әрқайсысының атына рәсімдеп қойған. Бірақ соныкі. Қосымша жұмыс істейін десем балаларым кішкентай. Оларға қарауым керек. Жетпейді. Оқуы бар, курсы бар.
Шымкентте барлығы 6600 адамның айлық жалақысынан алимент өндіру міндеттелген. Биыл сот орындаушылары 17 мыңнан астам істі қарап, баласынан безген әйел мен еркектің қарызы 4 миллиард теңгеден асатынын анықтады. Осы ретте сала мамандарымен борышкерлерге алимент төлеудің әлеуметтік маңыздылығы түсіндіріліп жатыр.
Айнұр Исабекова, қалалық әділет департаментінің басшысы:
- Биылғы жылдың 11 айында алименттік өндірістер бойынша 1 млрд теңгеден астам қарыз берешегі өндірілді. 5 борышкердің мүлкі анықталып, олардан өндіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда тағы бір мүлік өндіріп алушының меншігіне өткізу шаралары жүргізілуде.
Аймақта алимент төлемеу үшін түрлі айла әрекетке барған 319 борышкер айыппұл арқалады. Тағы 212 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, уақытша қамауға алынған. Сонымен қатар, тұрғылықты мекен жайын жасырған 500 тұлғаға іздеу жарияланса, сот шешімімен 25 адамның бас бостандығы шектелген.
Бауыржан Мырзалиев, қала прокурорының көмекшісі:
- Борышкерлерді қылмыстық жауаптылыққа тарту жұмысы жандандырылды. Ағымдағы жылы 46 қылмыстық іс қозғалып, оның ішінде 32 іс сотқа жолданды. Бүгінгі таңда 25 адамға соттың үкімі шығып қойды. Оның барлығы 1 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға тартылды.
Ал алимент төлеуге тұрақты жұмыс орнын таппай жүргендер үшін 2 рет еңбек жәрмеңкесі өткізілді. Сонымен қатар, қолдау орталықтары арқылы бос орындар ұсынылып, барлығы 248 адам жұмысқа орналасқан.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы