Ақтөбеде Президент шыршасы өтті

Жаңажылдық мерекеге оқу озаттары мен түрлі шығармашылық сайыстар мен спортта жетістігі бар балалар шақырту алған. Дәстүрлі шыршада өңірдің барлық ауданы мен облыс орталығынан бүлдіршіндер жиналған. Оқушыларды Мемлекет басшысы атынан облыс әкімі Асхат Шахаров құттықтап, сый-сияпат табыстады.

Жаңа жылды асыға күтетін балғын балаларға арнайы мерекелік бағдарлама дайындалған. Ертегілер еліне елітіп, сиқырлар әлеміне саяхатты облыс мәдениеті саласының үздік ұжымдары бастады. Әрбір бүлдіршінді бейжай қалдырмай, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Сезім Оңталап, оқушы:

- Маған шырша өте ұнады. Үлкен шырша. Менің осы жаңа жылдағы арманым, планшет алғым келеді. Себебі сабақ оқыған кезде маған планшет қатты қажет. Мен олимпиадаларға қатысамын.

Шырша кешіне бастауыш сыныпқа биыл қадам басқан балақайлардан бастап 13-ке жеткен жеткіншектерге дейін барлығы 200 оқушы арнайы шақырту алған. Білімде озат әрі белсенді, түрлі жетістікке қол жеткізген жас спортшылар қатысты. Ел Президентінің құттықтау тілектерін жеткізген облыс басшысы Асхат Шахаров өңірде өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, балалық шақты бейқам өткеруге барлық жағдай жасалғандығын айтты. Мәселен, биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында заманауи үлгіде салынған екі мектеп қолданысқа берілген.

Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:

- Үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептерді толық жоямыз және шалғай ауылдарда да 60 орындық типтік мектептер. Ол жұмыстарды да жалғастырып келеміз. Келер жылы 20-ның үстінде мектеп салынады. Жалпы осы үш жылдың ішінде біз 44 мектеп саламыз деп жоспарладық.

Мереке соңында оқушыларға 120 мың теңге мен түрлі тәттілер, ойыншықтар мен энциклопедия кітабы тарту етілді.

Авторлары: Мансур Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов.