Қызылордадағы әуежай қызметінің сапасы артты
Қызылорда облысындағы әуежай жылына 2 миллион жолаушыға қызмет көрсете алады. Ал сапарға шыққан әр жанның құжатын тіркеп, жүгін рәсімдеу – жолаушыларға қызмет көрсету агенттерінің жауапкершілігі. Бұл мамандардың маңызы қандай?
Жолаушыларға қызмет көрсету агенті. Әуежайда осындай мамандық иелері бар. Олардың күнделікті жұмысы көзге елене бермейді. Солардың бірі – Ғазиза Тойқожа. Азаматтық авиация академиясының түлегі Қызылорда қаласының әуе қақпасын қамтамасыз ететін мекемеде екі жылдан астам уақыт қызмет істеп жүр. «Жолаушыны шығарып салу, күтіп алу кезінде ескерілуі тиіс бұлжымас ережелердің арқайсысы маңызды», – дейді ол.
Ғазиза Тойқожа, жолаушыларға қызмет көрсету агенті:
- Балалы жолаушыларды ең алдымен алып жүреміз. Өздерінің ана мен бала бөлмесі бар, жылаған жағдайда балалар сол бөлмеге апарамыз. Мүмкіндігі шектеулі жандарды ең бірінші ұшаққа отырғызуға апарамыз. Ең бірінші сол кісілер өтеді және балалы жолаушылар да дәл солай ең бірінші өтеді.
Терминал табалдырығанан аттаған әр жанды ілтипатпен қарсы алып, билетін тіркеп, жүгін орналастырып, ұшаққа отырғанға дейін бәйек болатын мамандардың әр минуты өлшеулі. Қызылорда қаласында жаңа әуежай терминалы ашылғалы қызмет көрсету сапасы да арта түскен.
Баян Әжмолдаев, «Қорқыт ата әуежайы» АҚ басқарма төрағасы:
- Қазіргі таңда жаңа терминалдың ерекшелігі, бұл сағатына 250 жолаушыға қызмет көрсетіп жатырмыз. Жаңа терминалымыз жылына 2 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетуге мүмкіндік беріп отыр. Жаңа терминалымыздың жалпы көлемі 7500 шаршы метр.
Сапардың басы әуежайдан басталатыны белгілі. Сондықтан жолаушыларға қызмет көрсету агенттері үнемі біліктілік арттыру курстарынан өтіп отырады екен.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.