Қазақстанға жылына 40 мыңға жуық мигрант келеді
Биыл 11 айда Қазақстанда тұрақты тұруға 36 мың эмигрант келді. Оның 18 мыңнан астамы этникалық қазақтар. Елдегі Көші-қон қызметі комитетінің мәлімдеуі бойынша елде тұрақты тұруға ыхтиярхат алу үшін жылына 40 мыңға жуық азамат келеді.
Қазақстандағы мигранттар қатарында Ресей, Өзбекстан елінің азаматтары басым. Алайда күн көріс қамымен келетін шалғайдағы шетел азаматтары да бар. Мысалы Джодет есімді Филиппин азаматшасы тамыз айынан бері осы жақта бала күтушісі болып жұмыс істейді.
Джодет Тугалле, мигрант:
- Жасым 43-те, жалғызбасты анамын. Қазақстанды таңдаған себебім, мұнда басқа жаққа қарағанда жалақы жоғары, бұған дейін Гонконгте 11 жыл жұмыс істедім. Сосын Қазақстанның климаты қызық болды. Бұрын-соңды қар көрмегендітен осы жақтың қысын сезінгім келді. Адамдар да қарапайым әрі көмектесуге дайын тұрады.
Джодеттің айтуынша Қазақстан жайлы бұрын-соңды білмеген. Жұмыс іздеу барысында әлеуметтік желіден осында еңбектеніп жүрген отандасын көріп, қызығушылық танытқан. Нәтижесінде елдегі осы бағытта қызмет көрсететін агенттік біріне жүгінеді.
Светлана Грамс, Жұмыспен қамту агенттігінің негізін қалаушы:
- Бізге ай сайын 30 шақты өтініш түседі. Ал айына 7 адамға дейін жұмысқа орналастырамыз. Компаниямыздың құрылғанына 16 жыл болды. Алғашқыда миграциялық қызметтер көрсететін мекеме болып ашылдық. Яғни резидент еместерге еңбек визасын немесе басқа да құжаттарын рәсімдеп, елде заңды түрде тұрақтауына көмектесіп келдік. Қазір 10 жылдан бері мигранттарды жұмыспен қамту агенттігіне айналдық. Дәлірек айтсақ бала және үй күтушілерін іріктеп, жұмыс тауып береміз.
Елдегі Көші-қон қызметінің мәлімдеуі бойынша биылғы 11 айда елге 36 мың эмигрант келген. Ал былтырғы 12 айда олардың саны 39 900 адам еді. Сонда комитет өкілдерінің елде тұрақты тұруға ыхтияр хатын алу үшін жылына шамамен 40 мыңға жуық азамат келеді.