Ұшақ апатынан зардап шеккен ресейліктер Мәскеуге жеткізілді.LIVE

Ресей ведомстволары Ақтаудағы ұшақ апаты кезінде жеті ресейлік азамат қаза тауып, тоғызы зардап шекті деп мәлімдеді. Осы тоғыз адамның ішінде біреуі – бала.

Төрт адам реанимацияда жатқан. Тоғыз адамды Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері таңертең Мәскеуге алып кеткені белгілі болды. Олармен бірге «Центроспас» жасағының қызметкерлері, жедел психологиялық көмек орталығының мамандары және Ресейдің Денсаулық сақтау министрлігінің бір топ дәрігерлері бар. Арнайы Ил-76 ұшағы заманауи қондырғылармен, жасанды тыныс алу аппараттарымен және кардиохирургиялық мониторлармен жабдықталғаны белгілі.

Виктор Белинский, Ресей аэромобильді құтқару жасағының дәрігері:

- Барлық зардап шеккендер борт ішіне орналастырылды. Олар Мәскеу қаласына жеткізіледі. Жолда оларға барлық қажетті көмек көрсетіледі. Науқастардың жағдайы ауыр. Бірақ алып жүруге болады.

Дана Нұржан, тілші:

- Осы арада еске сала кетейін, ұшақтың құлауын ресейлік мамандар да өз  тарапынан  зерттеп жатыр. Ресей Тергеу комитетінің Батыс өңіраралық көлік тергеу басқармасы жол қозғалысы және әуе көлігін пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Сонымен қатар, Аэрофлот Баку-Грозный  рейсінің жолаушылары туыстарын тасымалдауға көмектесетінін хабарлады. Ол AZAL әуе компаниясына қаза болғандардың туыстарын тасымалдауда қажетті көмек көрсетуге дайын, деп сайтында жазған.