Ақмола облысында Президент шыршасына 200 бала қатысты
Ақмола облысында ұйымдастырылған Президент шыршасына биыл 200 бала қатысты. Оқушылар концерттік бағдарлама мен театрландырылған қойылымдарды тамашалап, Мемлекет басшысының атынан берілген сыйлықты алды. Сондай-ақ балаларға облыс орталығындағы музейлерге экскурсия ұйымдастырылып, жаңажылдық түрлі тосынсыйлар ұсынылды.
Жаңа жыл кешін әсіресе балалардың асыға күтетіні рас. Ал олар үшін Президент шыршасына қатысу тіптен бөлек сезім. Себебі мұндағы мерекелік көңіл күй ерекше. Биылғы шараға да әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары, жетімдер мен мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер және оқуда озат оқушылар қатысты.
Архат Шарапов, оқушы:
- Мен Жақсы ауданының жаңа Қима ауылындағы Ғұбайдолла Әбдірахманов атындағы мектебінен келген едім. Осы екі күн кешеден бері қызықты өтіп жатыр. Менің батыр киімін киген себебім менің арғы аталарым, бабаларым батыр болғандықтан, мен өзімде батыр болғым келді.
Виктория Котлеренко, оқушы:
- Мен Ақкөл қаласындағы балаларды қолдау орталығынан келдім. Кеше және бүгінгі мереке маған өте ұнады.
Мекерелік шарада оқушылар Аяз ата және Ақшақармен қол ұстасып, ертегілер әлеміне саяхат жасады. Түрлі кейіпкерлерді кезіктірді. Думанды кешке қатысушыларға Президенттің құттықтауы жеткізіліп, әрқайсына 120 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табыстады.
Ботагөз Дүйсенова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Білім ұйымдарында шыршалар өткізіледі. Сол шыршаларда арнайы Аяз ата мектепте өздерінің сабақтарымен, басқа да жарыстарда көзге көрініп жүрген балалардың барлығы аталынып өтеді. Бір ертегі әлеміне түсетіндей ұйымдастыру жоспарланған.
Президент шыршасына жиналған балалар Көкшетауда екі күн бойы қыдырды. Алғашқы күні оларға қаланың көрікті жерлерін тамашалап, музейлерді араласа, келесі күні кішкентай қонақтар үшін концерттік бағдарламадан соң тәтті толы дастарқан жайылды.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко.