Маңғыстаулықтар Әзербайжан азаматтарын еліне шығарып салды
Бүгін ұшақ апатынан зардап шеккен әзербайжандық 14 азамат пен күні кеше Ақтауға келген Әзербайжан делегациясының 20 мүшесі өз елдеріне оралды, деп хабарлайды 24KZ. Оның ішінде аман қалған 2 бортсерік пен 1 бала бар. Зардап шеккендерді шығарып салуға облыс әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, ел ақсақалдары, жастар және қоғам өкілдері қатысты.
Маңғыстаулықтар бауырлас елге жылы тілектерін арнап, қолдау білдірді. Қазіргі таңда облыстық көпбейінді ауруханада 6 науқас ем алып жатыр. Оның ішінде 4 адамның жағдайы ауыр, 2 кісінің жағдайы орташа. Жарақат алғандарға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Айта кетейік, апат себебін анықтау мақсатында Ақтауда вице-премьер Қанат Бозымбаевтың басқаруымен үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр.