Алматыда «Отбасы банк» Ipoteka Day шарасын өткізді
Елде 70 мыңға жуық жанұя «Отбасы банкінің» қолдауымен қоныстойын тойлады. Соның ішінде «Отау» және «Наурыз» жаңа тұрғын үй бағдарламалары аясында 10 000-ға жуық қолжетімді заем берілді. Қаржы институты «Ақкент» тұрғын үй кешенінің құрылыс салушыларымен бірге Алматыда «Ipoteka Day» шарасын өткізді. Мереке қарсаңында қос тарап өз пәтерлерінің иесі атанған салымшыларын құттықтап, оларға жаңа баспана кілтін табыстады.
Ipoteka Day жүздеген бақытты жанұяны бір арнаға тоғыстырды. Олардың қатарында жас отбасылардан бастап, көпбалалы ата-аналар мен әртүрлі сала өкілдері бар. Барлығы да «Отбасы банк» арқылы баспаналы болған.
Әсел Райымқұлова, қала тұрғыны:
- Мен кәсіпкер болғандықтан, үй кезегінде тұрғаным жоқ. Банк мамандарынан кеңес алғанда олар маған «Жасыл ипотека» бағдарламасымен заем рәсімдеуге болатынын айтты. Үй бағасының 20%-ін алғашқы жарна ретінде құйдым. Қалғанын несиеге алдым. Оның пайыздық мөлшерлемесі жыл санап төмендеп отырады.
Шара барысында салымшыларға 2025 жылы таза әрлеумен тапсырылатын тұрғын үйлер туралы ақпарат берілді. Бұл пәтерлерді «Наурыз» бағдарламасы бойынша 10% бастапқы жарнамен сатып алуға мүмкіндік бар. Жалпы 2024 жылы Алматыда 13 319 қала тұрғыны қоныс тойын тойлаған.
Данагүл Түсіпова, «Отбасы банк» Алматы қалалық филиалының директоры:
- Алматы жастары бағдарламасы аясында биылғы жылы 26 млрд теңгеден астам сома бөлінді. 1200 Алматы жастары үйлі болды. Оған қосымша 200 бағыттаманы әкімшіліктен тарту арқылы клиенттерімізді «Отбасы банктің» бөлімшелерінде күтеміз.
Биылдың өзінде «Отбасы банкінен» 550 мың адам жаңадан депозит ашты. Қазір 2 млн 800 мың азамат қолжетімді шарттармен баспана алу үшін ақша жинап жатыр. Келесі жылы олар «Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік алады. Сондықтан қазірден бастап депозит ашып, қаражат жинауды ұмытпаған жөн.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев.