Екібастұздың 1-МАЭС №1 энергоблок іске қосылды

Екібастұздағы 1-ші мемлекеттік аймақтық электр станциясында №1 энергоблокты қалпына келтіру жобасы аяқталды. Станцияда энергоблокты қолданысқа беру актісіне қол қойылды. Кәсіпорын соңғы 30 жылда алғаш рет сегіз блокты режимде толық қуатта жұмыс істейді.  

Екібастұздың 1-ші мемлекеттік аймақтық электр станциясында №1 энергоблок іске қосылды. Бұл еліміздің энергетика саласы үшін тарихи сәт. №1-ші энергоблокты қалпына келтіруді «Самұрық-Қазына» АҚ-ның еншілес компаниясы «Самұрық-Энерго» жүзеге асырды.

Қайрат Мақсұтов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы:

- Жобаны іске асыру шеңберінде энергия тиімділігі бойынша жақсартылған параметрлері бар, қуаттылығы 540 МВт болатын жаңғыртылған блок, жаңа қазандық, турбиналық жабдық орнатылды. Сонымен қатар қалдықтарды азайтатын заманауи электр сүзгілер орнатылды. Блокты басқару технологиялық процестерді басқарудың заманауи автоматтандырылған жүйесі арқылы жүзеге асады. Энергия блогын енгізу арқылы станция 4000 МВт-тық қуаттылыққа шығады. Бұл соңғы 30 жылда болмаған сегіз блокты режимде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

№1 энергоблоктың іске қосылуы жаңа жұмыс орындарын ашады. Қосымша 400-ге жуық кәсіби маманды тарту жоспарланып отыр.

Cұңғат Есімханов, ҚР энергетика вице-министрі:

- Тарихи жағдайды көріп отырмыз. Бүгін біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес желтоқсан айында 2024 жылы Екібастұз мемлекеттік аумақтық электростанциясының 1-ші блогы іске қосылды. Ол еліміздің экономикасының ары қарай дамуы үшін қажетті электр энергиясымен қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік береді.

Жобаны іске асыру тұтынушыларды сенімді қуат көздерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі жасалып отырған маңызды қадам.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат  Игіліков.