Қызылорда облысында қызметтік иттің көмегімен 72 қылмыс әшкереленді
Биыл Қызылорда облысында қызметтік иттің көмегімен 72 қылмыс әшкереленді. Елай атты неміс овчаркасы қиын жерге жасырылған заңсыз заттарды шұғыл анықтай алатын қасиетке ие.
Мына бейнекадрда қызметтік ит Елайдың көмегімен табылған ескірткі тәркіленіп жатыр. Жеңіл көлікке 5 келі марихуана жасырған күдіктілер Самара-Шымкент тасжолының бойында, Жаңақорған ауданының тұсындағы бекетте қолға түсті. Инспектор-кинолог Азамат Пазыловтың қарамағындағы бұл иісшіл биыл 72 қылмысты әшкере етті.
Азамат Пазылов, кинолог:
- Автокөлікті тексеріп жатқанда автокөліктің есігін ашқаннан бастап ит иісті ұстап тұрады. Егер ішінде заңға қайшы зат болса, ит бірден сол жерде біліп қояды. Машинаның ішіне кірмей-ақ ол біліп тұрады. Машина тоқтап, есік ашылса болды. Енді әр адам ұсталып қалғысы келмейді. Постта тексеріп жатқан кезде неше түрлі қызықтар болады. Біреулері уксусқа орап жасырады, біреулері сыртына май жағып тастайды, біреулері банкіге салып алады. Таба алмайды деп ойлайды ғой, бірақ қызметтік іздестіру итінің иіс сезу қабілеті қатты. Бірден табады.
Қызылордадағы кинология орталығында Елай сияқты 20 қызметтік ит бар. Биыл осы иісшілдердің көмегімен 9 мыңға жуық іздестіру жұмысы жүргізілді.
Әзиз Арифов, ПД Кинология орталығының бастығы:
-Жалпы 183 қылмыстың ашылуына себебін тигізген. Оның ішінде криминалдық саласы бойынша 54, есірткі затын іздеу бойынша 101 қылмыс анықталған. Одорология іріктеу бойынша 41 рет қолданылып, 18 нәтижелі іріктеу берген.
Орталықта бельгиялық, неміс овчаркалары мен лабрадор тұқымына жататын иттер арнайы мақсаттарға дайындалады. Олар есірткі іздеуден бөлек, ізкесу, одорология, шабуылдаушы, күзет және жарылғыш зат іздеуге үйретілген.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.