Талғарда жаңа трансформатор станциясы іске қосылды

Алматы облысы Талғар қаласында жаңа трансформаторлық станция іске қосылды. Соның арқасында «Жаңа» ықшамауданындағы он шақты көпқабатты үй мен бірнеше әлеуметтік нысан үздіксіз электр қуатымен  қамтамасыз етілді.

«Жаңа» ықшамауданындағы негізгі мәселе электр қуатының жеткіліксіздігі еді. Өйткені бұған дейінгі үлестіргіш трансформатор ескіріп, кабель желісі апатты күйде жеткен. Ал жаңа трансформатордың орнатылуымен мәселе шешімін тапты. Сондай-ақ мердігер компанияның есебінен құны 15 млн теңге болатын жаңа кабельдер тартылды.

Ерік Шаяхметов, «Сапа құрылыс» ЖШС бас энергетигі:

- Бүгін қосып жатырмыз. Барлық жұмыс кезеңі бітті. Қысымның бәрі қосуға дайын. Қазір қазандық мен сумен қамту жүйесін қосамыз. Болды. Ток беруге дайын тұр. Екі резервті кабель зақымдалған еді. 2017, біреуі он жылдан асқан. Соның бәрін қалпына келтіріп, дайын тұр. 24/7 істейді деп ойлаймыз.

Сұлтан Молдажанов, Талғар аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы:

- Бұл нысанға подстанция ғана кірмейді. Инженерлік-коммуникациялық желілер дейміз. Оның ішінде жылу желілері, кәріз жолдары, су желісі, интернет желісі бар және де блокты-модульдік қазандық пен осы трансформатор кіреді. Қазіргі таңда құрал-жабдық ретінде трансформатор мен блокты-модульдік қазандық қойылды.

Энергетикалық нысанның құрылысы биыл тамыз айында басталып, жоспарлы кестеге сай мерзімінде аяқталды. «Ең бастысы Талғар аудандық орталық аурухананың мәселесі шешімін тапты. Аурухана электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз етіледі», – дейді құрылысқа жауаптылар.

Ринат Бауыржанұлы, Талғар аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Бізде аудандық орталық аурухананың резервті кабельмен отырғанына төрт жыл болды. Осы кабельді қосып, трансформаторлық подстанция қосылумен сол мәселе шешілді. Аурухана бізде негізгі электр қуатымен қамтамасыз етіледі.

Жалпы трансформаторлық станция ықшамаудандағы 5 көпқабатты тұрғын үйді, 2 балабақша мен Халыққа қызмет көрсету орталығын электр қуатымен қамтамасыз ете алады. Алдағы уақытта ықшамауданда бес тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. «Сол кезде де нысан тұрақты жұмыс істеуге қауқарлы», – дейді мамандар.

Авторлары: А.Садуақас, С.Жұмабаев.