Астанада қала әкімінің шыршасы өтті
Елордада дәстүрлі қала әкімінің шыршасы өтті. Жаңа жыл қарсаңындағы биылғы шараға таңдаулы 400 бала қатысты. Онда қала әкімінің орынбасары жеткіншектерге шаһар басшысының құттықтауын жеткізді.
Шара шымылдығы президенттік орталықта түрілді. Биылғы жаңажылдық кешке 400 бала шақырылды. Олардың қатарында жетімдер, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, әлеуметтік осал және көпбалалы отбасының балалары, мүмкіндік шектеулі және дарынды жеткіншектер бар.
Бақдәулет Әлібекұлы, оқушы:
- Кейіпкерлерден Алдар көсе және мультфильмдердің кейіпкерлері ұнады. Мысалы, Микки Маус сияқты кейіпкерлер. Мұндай шаралар адамның көңіл күйін көтереді.
Бағдарлама аясында «Славян базары», «Голос дети» сияқты халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, сондай-ақ эстрада жұлдыздары ән шырқады. Ал аниматорлар түрлі ойындар ойнатып, ерекше көңіл күй сыйлады. Ата-аналар да дән риза.
Азиза Исаева, қала тұрғыны:
- Мен қызыммен осы іс-шараға келдім. Өте көңілді. Қызым да өте көңілді. Бәріміз өзімізді бала сезініп, күшті көңіл күйдеміз.
Оқушыларға арналған жаңажылдық шараның басталғанына 5 күн болды. Бүгінде елорда мектептерінде 186 мың бала білім алады. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, олардың 80 пайыздан астамы мерекелік шарамен қамтамасыз етілді.
Есет Байкен, Астана қаласы әкімінің орынбасары:
- Дәл осындай шара қаламыздың барлық оқушылар сарайында, мәдениет ошақтарында және спорт мекемелерінде өтіп жатыр. Бүгінгі шара біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында балаларымызға қазақ ертегілері, қазақтың батырларын және тұлғаларын дәріптей отырып, тәрбиелік мәнде қойылымдар қойылып отыр.
Қызықты кешке жиналған балалар Аяз ата мен Ақшақарға өз өнерлерін көрсетіп, керемет сыйлықтарға ие болды. Жаңажылдық шаралар 31 желтоқсанға дейін жалғасады.