Павлодарда бұралқы иттер көбейіп барады
Павлодарда бұралқы иттер адамға қауіп төндіріп тұр. Жақында олар оқушыға шабуыл жасады.
Оқиға мектеп маңында болған. Абырой болғанда бала зардап шеккен жоқ. Иттерді телефонға түсіріп тұрған қыз оның өмірін арашалап қалды. Қазір ветеринарлық қызмет бірнеше итті аулап, уақытша ұстау пунктіне жеткізді. Мамандар кейінгі жарты жылда Восточный шағын ауданынан 37 итті ұстап алды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Биыл облыста иесіз иттерді аулауға 6 млн теңге, вакцина мен стерилизация жасауға 23 млн теңге бөлінді. Ал оларды уақытша ұстауға қазынадан 56 млн теңге қарастырылды. Бірақ қаржының игерілмей қалған жартысы бюджетке қайтарылды. Себебі биыл иесіз иттерге арналған уақытша пункт іске қосылмады.
Ғалым Бейсенов, Ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
- Жыл басынан бізде 800-ден астам ит ұсталып, уақытша пунктіне тапсырылды және 963 ит шабуылдау жасаған шағымдармен жансыздандырылды. Тағы да осы қазіргі 2022 жылдан бері заң енгізілгеннен кейін біз көшедегі жүрген иттерді аулап, ұстап уақытша ұстау пунктіне табыстаймыз. Онда вакцинация жасаймыз, стерилизация өткіземіз, зарарсыздандырамыз. Сосын қайтадан ұсталған жеріне жіберуіміз керек. Жыл басынан 800-ден астам ит ұсталынды. Оның 364-і идентицификациядан өтті және 203 ит стерилизациядан өтті.