Сарыағаш ауданында ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды
Сарыағаш ауданында мұнай өнімдерін Өзбекстан аумағына контрабандалық жолмен тасымалдап келген ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды.
Күдіктілер Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің анықтауымен прокуратураның үйлестіруімен және ҰҚК департаментінің қатысуымен, сондай-ақ Өзбекстан құқық қорғау органдарының бірлесе әрекет етуі нәтижесінде қолға түсті.
Ұйымдастқан қылмыстық топ заңсыз әрекетін Сарыағаш ауданындағы Жібек жолы ауылына қарасты Сарқырама елдімекенінде жүзеге асырған. Қазақ-өзбек шекарасы түбіндегі мына қораның ішінен ұзындығы 455 метр жерасты туннельін қазып, құбыр тартқан. Арнайы жүргізілген операция кезінде күдіктілер қылмыс үстінде ұсталды. Олар бензинді зил жүк көлігімен әкеліп, көрші елге жіберіп жатқан сәтінде қолға түсті.
Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері жанармайды Өзбекстанға мал қораның ішіне орнатылған мына мотор арқылы жіберген.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері жанармайды Шымкент мұнай өңдеу зауытынан тасымалдап, осы Жібек жолы ауылындағы жылыжай кешенінде орналасқан мына бастырманың бастынан арнайы қазылған, сыйымдылығы 28 тонна болатын цестрнаға құйып отырған. Кейін осы жерден 11 тонналық газель автокөлігіменен көрші Сарқырама елдімекеніндегі қораға жеткізіп, сол жерден жерасты құбыры арқылы мотордың көмегімен көрші Өзбекстанға жөнелтіп отырған.
Біз осы жылыжайға бас-көз болып, әзірге куәгер ретінде жауапқа тартылған Азамат Көшербаевты сөзге тартып, сыр суыртпақтадық.
Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мамандарының айтуынша, күдіктілердің заңсыз әрекеті шамамен екі айға жалғасқан. Ал ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесу үшін Түркістан облысының аумағында бір уақытта 5 жерде арнайы операция жүргізілді. Онға жуық адам ұсталды.
Әкімбай Жаппаров, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға тергеушісі:
- Болжаммен күніне 15-20 тоннадай жанар-жағармай, яғни бензин ҚР аумағынан Өзбекстан республикасының аумағына өткізілгені анықталды. Алдағы уақытта тергеп, тексерудің барысында қанша тонна өткені, қанша суммаға өткені анықталып, тергеп-тексеру жүргізіледі. Трансұлттық қылмытық топтың мүшелері ҚР аумағында да және Өзбекстан республикасының аумағында да ұсталды.
Қазіргі уақытта Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Нақты шығын көлемі сол кезде белгілі болады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш