Ұшақ апаты: әуе кемесін құрастырушылар Қазақстанға келді
Ақтаудағы апатқа байланысты әуе кемесін құрастырған компанияның өкілдері Қазақстанға келді.
Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады. Ал ауруханада жатқан шетелдік 6 жолаушыны өз еліне қайтару мәселесі талқыланып жатыр.
Апат болған аумаққа алғаш болып жақын маңдағы өңірлік электр торабының қарапайым жұмысшылары жеткен. Олар жедел әрекет етіп, қираған ұшақтан он шақты адамды аман алып шықты. Куәгерлер оқиғанын қалай болғанын айтып берді.
Жұмыс жасап жатқан кезде үстімізден ұшақ ұшып жүрді. Айналып ұшып жүргеннен кейін, кейсо мекемесінің қапталынан самолет құлады. Құлаған бойы біз ұжыммен сол жаққа қарай бардық. Апат болған жерде алғашқы көмек көрсеттік тірі қалған адамдарға. Оннан көп адамға көмек бердік.
Ауруханадағы алты жолаушының төртеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Ал қалған екеуі тәуір. Облыстық аурухананың реаниматологы осылай деді. Науқастарға тиісті ем-дом көрсетілуде. Көмекке келген шетелдік дәрігерлердің барлығы еліне оралды.
Бақытжан Балғалиев, реаниматолог дәрігер:
- Төртеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Медикоментозды ұйқыда. Қалған екі науқас травматология бөлімшесінде жатыр. Жағдайлары тұрақты. Дәрігерлер және қажетті медикоментті препараттар, барлығы жеткілікті.
Әзербайжан тарапы өз отандастарын қайтару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ал травматология бөлімінде жатқан 2 қырғызстандық жолаушыны еліне жеткізу Қазақстан тарапынан жүзеге асырылады.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Егер дәрігерлер екеуінің жағдайы оңалғанын айтса, біз оларға киім-кешек, құжат дайындап, әуе билетін алып береміз. Солай Алматыға жеткіземіз. Ал әрі қарай Төтенше жағдайлар министрлігінің апаттық-медициналық құтқару көлігімен Бішкекке апарамыз. Барлық шығын Қазақстан тарапынан төленеді.
Жанар Байманова, облыстық көпбейінді аурухананың бөлім басшысы:
- Оларды Қырғыз еліне ауыстыру туралы сұрақтар шешіліп жатыр, бірақ әлі нақтыланған жоқ. Әзербайжан тарапы бізбен тығыз байланыста. Онлайн байланыста. Ал тасымал жөнінде әлі шешім қабылданған жоқ, себебі олардың жағдайы әлі ауыр.
Чикаго Конвенциясының 13-қосымшасына сәйкес, Бразилиядан әуе кемесін өндіруші компанияның өкілдері апат орнына барып, алдағы жұмыстарды айқындады. Сонымен қатар жақын арада авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығының мамандары келеді деп күтілуде.