Бір ел – бір уақыт: сарапшылар пікірі
Табиғи уақытқа қайта оралу-халықаралық қауымдастық мойындаған, ғылыми дәлелденген тенденция.
Бүгінгі таңда жер көлемі Қазақстаннан үлкен кейбір мемлекеттердің өзі бір сағат белдеуінде өмір сүреді. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Біріңғай уақыт белдеуі: Ғылыми аспектілері» атты жиында айтылды.
Әлемнің көптеген мемлекеттері «Бір ел – бір уақыт белдеуі» қағидасын ұстанады. Бірінші наурызда Қазақстанда осы жүйеге көшті. Бұл шешім тиімділігін көрсетіп келеді дейді жиынға қатысушылар. Оның үстіне ел аумағының 80 пайыздан астамы UTC+5 беледуінде жатыр.
Роза Қарағұлова, География және су қауіпсіздігі институтының зертхана жетекшісі:
- Уақыттық белдеудің осылай меридиандар бойынша бөлінуі бұл тек қана теңіздерде ашық мұхиттарда ғана түзу сызықтың бойымен жүреді. Ал барлық материктегі мемлекеттерде ол әкімшілік шекаралармен жүреді.
Соңғы 100 жылдың ішінде Қазақстанда сағат тілі бірнеше рет өзгерген. Бұл негізсіз өзгерістер халықтың денсаулығына, психологиясына кері әсер етіп келген. Қазіргі уақыт белдеуі хронобиолог ғалымдардың зерттеуі бойынша адам денсаулығына қолайлы екен. Адамдар ерте оянып, ерте ұйықтайтын болса табиғатпен байланысы артып, ағзада мелатонин гормоны жақсарады дейді.
Диляра Қайдарова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы:
- Америкалық және еуропалық ғалымдар табиғи уақыт белдеуі қатерлі ісік ауруларының алдын алуға көмектесетінін дәлелдеді. Оларда қатерлі ісік мөлшері аз. Бүгінгі дөңгелек үстелде біздің Онкология институтын уақыт өзгерісінің қатерлі ісікке әсерін зерттеу үшін тиісті жобаға қосуды ұсындық.
Жиында 8 ғалым баяндама жасады. Қазіргі уақыт белдеуінің экономикаға және өндіріске оң ықпалы да айтылды. Кездесуге келген ғалымдар Хронобиология қауымдастығын құру туралы ұсыныс та жасады. Қауымдастық уақыттың биологиялық ритмдерге, адамның денсаулығына, психологиясына әсерін зерттеумен айналысады.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Үлкен резолюция дайындалады. Кемінде 7-8 мықты пысықталған, ғылымға негізделген, ең бастысы, позициялар сол резолюцияда белгіленеді. Ол резолюцияны біз ашық жариялаймыз. Ғылыми қауымдастық енді ашық осы дәлелдерді, талаптарды, әсерлерді түсіндіретін болады.
Сәтбаев университетінде өткен жиынға беделді 40 ғалым қатысып, өз пікірлерімен бөлісті. Бейнебайланыс арқылы жүздеген маман тыңдады. Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі халықтың саулығына мониторинг жүргізіп жатыр. Зерттеу нәтижесі келесі жылы жарияланады.
Аршын Кемелжан, Сұлтан Бейсекенов