Шымкентте өздігінен ем түрін таңдағандардың ауруы асқынған

Шымкентте әлеуметтік желідегі кеңеске сүйеніп өз бетінше емделушілер көбейді. Салдарынан ауруы асқынып, қосымша аллергиялық кеселге шалдыққан жандардың өмірі үшін күріс те қиындай түскен. Осылай деп дабыл қаққан дәрігерлер соңғы уақытта ондаған адам жансақтау бөліміне жатқызылғанын айтады.

Аты жөнін атамауды өтінген 53 жастағы әйел өлім аузынан аман қалды. Айтуынша қан қысымын төмендету үшін дәрі-дәрмектің орнына сірке суына куркума мен зімбір қосылған сұйықтық ішкен. Салдарынан денесі бөртіп, терісі қарайып кеткен. Ақыр соңында анафилактикалық шок алған науқас аурухананың жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты.

- Азанда аш қарынға 200 грамм суға жарты шәй қасық болды. Өз еркіммен қабылдадым. Денем қыши бастады. Осылардың бәрі шыға бастады. Алғаш келген кезде өте ауыр халде түстім. Енді болатын нәрсе болды. Енді айтарым менен сабақ алыңыздар.

Дәрігерлер тарапынан аллергияның бұл түріне «Лайелла синдромы» деген диагноз қойылды. Қазір науқастың өміріне төнген қауіп сейіліп, апта соңына қарай үйіне шығаруға дайындық жүргізіліп жатыр. Алда уақытта мамандардың бақылауында болады.

Бақытжан Позилов, №2 қалалық аурухананың бас дәрігері:   

- Дәріханаға барып, өздігіңізден антибиотик алып, ондай болмайды ішуге. Тек қана дәрігердің нұсқаулығымен дәрілер ішілу керек. Дәрігердің нұсқаулығымен оның дозировкасы көбейтіледі немесе азайтылады. Өз бетінше болмайды. Әрине бірінші, екінші, үшінші тәулікте өте ауыр жағдайда болды. Көптеген дәрілер салынды. Дәрігерлердің біліктілігінің арқасында бұл кісі аман қалды.

Аллергология орталығында өздігімен емделушілердің асқанған ауруымен күрес қиындай түскен. Науқастардың арасында аутизмді алдын алу үшін магний мен кальций ішкендер және арықтауға арналған ем түрін таңдағандар бар. Сонымен қатар жан тыныштандыратын дәрі-дәрмек тұтынып, дертке шалдыққандар мен әлеуметтік желідегі ұйқыны жақсартуға арналған нұсқаулыққа сенгендер көп.

Жанат Жанжігітова, аллерголог:  

- Біз соңғы кезде осындай өздігімен емделудің салдарымен күресіп жатырмыз. Соңғы кезде бұндай асқынулар өте көп. Тек қана қарапайым аллергиялық дерматиттер емес, «токсико-аллергиялық» реакцияларға, кей жағдайларда «анафилактикалық шок», кейде «синдром Лайелла», «Стивенса-Джонсона» деген сияқты ауыр асқынуларға әкеліп жатыр.

Дәрігерлер дертке-дәру, ауруға шипа іздеген жандар үшін медициналық нұсқаулықтарға иек артуға шақырады. «Ал халық емін онлайн ұсынушылардың ақылынан бұрын дәрігердің кеңесін алған абзал», - дейді.