Қарағандыда екі мектептің құрылысы аяқталды
Қарағандыда екі мектептің құрылысы аяқталды. Заманауи білім ошақтары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынды. Соның арқасында маңайдағы бала саны көп, үш ауысыммен жұмыс істейтін мектептердің мәселесі шешіледі. Өңірге қарасты бірқатар қала, аудандарында осындай жайлы оқу ордаларының құрылысы басталды.
Гүлдер ықшам ауданында бой көтерген бұл мектеп 300 балаға арналған. Жаңа білім нысаны жақын маңайдағы Ыбырай Алтынсарин мектебінің жүктемесін азайтуға септігін тигізбек. Аталған білім ұясы қазір үш ауысымда істеп тұр.
Думан Омарбаев, №28 жалпы білім беру мектебінің директоры:
- Бұл құрылыс компаниясының акт құжатын біздің қолымызға қалай береді, сол кезден бастап мектепті ашуға дайын тұрмыз. Яғни бұл жерде оқушылармен қоса пән мұғалімдері, сынып жетекшілері барлығы 100% қамтамассыз етіліп отыр.
Ал екінші жайлы мектеп Майқұдықтың Көгілдір тоғандар ықшам ауданында салынды. 1200 орындық білім ошағында барлық жағдай қарастырылған. Көршілес 77-мектептің біраз оқушысы осында ауысады. Жаңа білім ордасының құрылысында отандық материалдар пайдаланылды.
Гүлдана Нұрсұлтан, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:
- Бүгінгі таңда облыста 10 жайлы мектептің құрылысы басталған. Бүгінгі таңда қыркүйек айында Кендала шағын ауданында 2000 орындық жайлы мектеп пайдалануға берілді. Күні кеше ғана Қарағанды қаласындағы Гүлдер мен Көгілдір тоған аудандарында екі мектебіміз ашылды. Сонымен қатар Балқаш қаласында бір жайлы мектепті ашу жоспарланған.
Алдағы уақытта Абай, Приозерск қалалары мен Қарақарлы, Шет, Бұқар жырау және Нұра аудандарында жайлы мектептер пайда болады.