Қазақстан мен Қытай бірлескен инвестжобаларды арттырады

2025 жылы қазақ-қытай арасында бірлескен инвестжобалар саны артады. Бұған екі тарап та мүдделі.

Көрші елдің инвесторларына Қазақстан  тарапынан бірақатар мемлекеттік нақты қолдау көрсетіледі. Осы арқылы елімізге мейлінше мол инвестиция тарту көзделіп отыр. Сонымен қатар сауда айналымына да ерекше мән беріледі.

Қазір қытайлық компаниялардың Қазақстанның бизнес климатына деген сенімі артқан. Оған бірінші кезекте мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтар кепіл болды. Әйтпесе Қытай компаниялары оңайшылықпен кез-келген нарыққа инвестиция сала бермейді. Сауда-экономикалық, инвестициялық ынтамақтастықты арттыруға бағытталған нақты іс-шаралар да бұған арқау болып отыр.

Бүгінде көрші елмен индустриалдық және инвестициялық байланыс нығая түсті. Енді 2025 жылы қазақ-қытай арасында бірлескен инвестжобалар саны артады. Бұл бағытта екі елде үкіметаралық диалог орнаған. Бүгінгі күні Қазақстан аумағында 5000-ға тарта бірлескен жоба сәтті жұмыс істеп тұр. 2005 жылдан бері Қытайдан тартылған инвестиция көлемі 25,50 млрд АҚШ долларына жетті. Қазір Қазақстан аумағында жалпы құны 60,5 млрд АҚШ доллары болатын тағы 222 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 62-і іске қосылса,  55 жоба жүзеге  асырылу үстінде. Тағы 105 жобаға қатысты пысықтау шаралары жүргізілуде. Қазақстан олардың  санын әлі де арттыруға ниетті. Осы мақсатта еліміздің Қытайдағы елшілігінде инвестициялық байланыс жөнінде дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған екі тараптың да ресми тұлғалары мен бизнес өкілдері қатысты. Екі жақты бизнес іс-шара экономикалық ынтымақтастықты арттырып жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталды. Қазақстанның инвестициялық, бизнес әлеуеті жан-жақты таныстырылды.

Шахрат Нұрышев, Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Негізгі мақсат екі елдің компаниялары арасында инвестициялық ынтымақтастық орнатуға қолдау көрсету. Бұл механизм аясында басымдық берілген Қазақстан мен Қытай жобалар тізбегі бар. Ол жерде 47 инвест жоба қарастырылған. Оның жалпы құны 14,75 млрд доллар. Бұл жобалар экономиканың әртүрлі саласында жүзеге асырылуда. Басым көпшілігі іске асырылып та қойды. Қазақстан бұл жобалар қатарын жаңа болашағы зор жобалармен толықтыруға ниетті. Біздің инвестициялық заңнама түрлі мемлекеттік қолдаулар көрсетуге мүмкіндік береді. Оған салық, кедендік жеңілдіктер мен инфрақұрылым тарту сияқты маңызды қолдаулар кіреді.

Айта кету керек биыл қазақ-қытай сауда айналымында тағы да рекорд орнауы мүмкін. Өткен жылы екі елдің сауда-саттығы 41 млрд АҚШ долларын құрап, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті. Ал биыл ше? Биылғы 11 айлық қорытындыға сәйкес 40,1 млрд-қа жетіп тұр. Бұл екі ел арасында жоғары қарқынды сауда-экономикалық  және тығыз байланыс орнағанының  дәлелі.