Қазақстанда тамақ жеткізу қызметіне жаңа талап енгізілді
Елімізде тамақ жеткізу қызметіне қойылатын жаңа талаптар бекітілді, деп хабарлайды 24KZ. Енді курьерден жеке медициналық кітапшасын сұрай аласыз. 1 қаңтарда қабылданған стандарт мейрамхана мен дәмхана, логистикалық компаниялар және курьерлердің тамақ жеткізу қызметіндегі сапаны арттыруға бағытталған.
Жыл басында қолданысқа енген Қоғамдық тамақтану қызметтері және тұтынушыларға тамақ өнімдерін жеткізу туралы құжатта бірнеше талап бар. Стандартты Сауда және интеграция министрлігі бекіткен. Енді курьерлерде қажетті дәрігерлердің тексеруінен өткендігі туралы жеке медициналық кітапша болуы тиіс. Сондай-ақ кәсіби гигиеналық дайындықтан өтулері қажет. Шабарманның сөмкесі, киімінің тазалығына да мән беріледі.
Нұрбек Қазбек, ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің басқарма басшысы:
- Кез келген стандарт міндетті болу үшін нормативтік-құқықтық актілерде міндеттеме туралы сілтеме болады. Бірақ бұл стандарт бойынша нормативтік-құқықтық актілерде міндеттеме жоқ. Курьерлер немесе басқа объектілер бұл стандарттың талаптарын орындамаған жағдайда ешқандай да әкімшілік хаттамалар немесе айыппұлдар салынбайды.
Еліміздегі жеткізу қызметінің көшін Алматы бастап тұр. Қалада күніне 12 мыңнан астам адам түрлі затты жеткізумен айналысады. Шабармандар көлікпен, мопедпен, автобуспен немесе жаяу жүреді. Иван Третьяковтың бұл жұмысқа орналасқанына бір айдан асыпты. Азық-түлік пен дайын тамақ тасымалдайтын Иван: «Санитарлық нормаларды қатаң сақтап келемін», – дейді.
Иван Третьяков, курьер:
- Біз дайын тамақ немесе азық-түлікке қол тигізбейміз, тек қаптамасынан ғана ұстаймыз дегеннің өзінде бәрібір байланыс болады. Сондықтан да белгілі бір гигиеналық, санитарлық талап болуы керек. Өз басым курьерге медициналық кітапша қажет деген ережеге келісемін.
Бұдан өзге тұтынушыға курьер жеткізген өнімнің сыртқы қаптамасын тексеріп алуға мүмкіндік берілген. Жаңа стандарттың мақсаты – қоғамдық тамақтану орындары, логистикалық компаниялар және курьерлердің ас жеткізу қызметінің сапасын арттыру. Бұл талапты қала тұрғындары да қолдап отыр.
Сауалнама:
- Санитарлық кітапшамен келісемін, тамақ таситын курьерлер болса, онда ол санитарлық нормасы ғой. Кір киіммен, кір сумкамен келсе, тамақты алып келсе, жағымсыз болады.
- Курьерлердің бет-әлпетіне қарамайды екенмін, киіміне қарамайды екенмін. Затымды әкелсе болды. Сирек тамақ тапсырыс беремін, көбінесе заттарымды әкеліп тастау, кілт, құжат сияқты нәрселерді ғана тапсырыс беремін.
- Стандарт енгізілгенде... Білмеймін. Олардың жұмысына кері әсері тимесе, онда дұрыс деп ойлаймын.
Кейбір мәліметтерге сәйкес Алматыдағы курьерлердің 90%-і 18 бен 35 жас арасындағы жігіттер екен. Олардың дені – қала іргесіндегі ауылдардан келгендер. Әр тасымалдаушы орта есеппен күніне 20 тапсырыс жасайды екен.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев, Сержан Жұмабаев.