Психолог: Онлайн сатып алу адамды лудоманияға апарады

Онлайн сауда тәуелділік тудыра ма? Қазір сауда үйлерін жағалап, базар аралайтындар қатары сиреп барады. Адамдар үйде немесе жұмыс орнында отырып-ақ түрлі маркетплейстер арқылы сауда жасайтын мүмкіндікке жетті. Әрине, бұл тиімді және мұндай тенденция көпшілікке оң әсер етіп жатқандай көрінеді. Алайда кейбірі осы бір игіліктің кері, тіпті зиянды тұстарын байқаған.

Түркістандық Ақбота Ергешбай тұрмысқа қажетті заттың барлығын маркетплейстерден алып үйренген. Базар аралауды ұнатпайтын ол үшін таптырмас шешім. «Алайда сауданың бұл түрі кейде негізсіз болып кетеді», – дейді. Қажет емес заттарды алып, кейін өкінетін кездерін жасырмады. 

Ақбота Ергешбай, Түркістан қаласының тұрғыны:

- TikTok, YouTube, Instagram-да қанша сатып алмайын десең де, алдыңнан шығып тұрғаннан кейін, үлкен жазумен жеңілдік деп жазып қойғаннан кейін соған алданып, кейде керек емес заттарды да сатып алатын кездер болады. Не үшін алдым деп ойланатын кездер де болады.

Психологтардың айтуынша, онлайн сатып алу тәуелділік тудыратын жағдайлар да бар. Себебі ондағы жеңілдіктер мен агрессивті жарнама адамның бейсаналы түрде сауда жасауына алып келуі мүмкін.

Анаргүл Ибраимбекова, психолог:

- Осы бір маркетплейске кірген кезде бір затты сатып аламын деген кезде бір жарнамалар шығып жатады. Ол жерде кубоктың суреті шығып жатады, соған бассаң, белгілі бір зат шығады. Соған жеңілдік аласың деген бір адамның психологиясын билеу мақсатында сондай жарнамалар шығып жатады. Адам соған қалай ілініп кеткенін байқамай қалады. Соны басу арқылы жаңға зат аламын, жеңілдікпен аламын деген қуанышқа бөленіп жатады. Онлайн сатып алу адамды лудоманияға апаратын бірден-бір жол десек те болады.

Арзан бағаларымен арбайтын және кейінгі кезде көптің аузында жүрген кейбір маркетплейстер ресми тіркелмеген. Бұл олқылық та тұтынушыларды белгілі бір кепілдіктерден қағып жатыр. 

Тұрсын Жағыпарова, Тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы төрағасының орынбасары:

- Ең бірінші тұтынушы интернет саудадан бірдеңе алам дегенде оның заңды мекенжайы болғаны жақсы, ол үлкен дүкен болғаны жақсы, одан кейін сол маркетплейстің интернетте жазуы болуы керек, тауарды қайтаруға болады не болмаса болмайды деп. Тым арзан тауардан күмәндану керек. Сапалы тауар өте арзан болуы мүмкін емес. Соған мән беру керек.

Мән бермеген жағдайда сапасыз тауарға ұрынып, негізсіз саудаға бой алдырып жатқандар қатарын көбейте береміз.

Авторы: Мөлдір Молдағали.