Шымкентте 564 сауда орнында баға негізсіз қымбаттаған
Шымкентте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік негізсіз қымбаттағаны анықталды, деп хабарлайды 24KZ. Саудагерлер ұн, тауық еті, нан, күнбағыс майы, құмшекер мен көкөніс бағасына белгіленген 15% сауда үстемесін анағұрлым шарықтатып жіберген. Мәселен, 30 дана жұмыртқа 1530 теңгеден саудалануы керек болса, ол 2 мың теңгеге бір-ақ шыққан. Сонымен қатар сүт өнімдері де бірнеше есе қымбат сатылған.
Өңірлік комиссия өкілдері дүкендер мен сауда орындарына жүргізілген тексеріс нәтижесін жариялады. Заңнама талаптарын бұзған кәсіпкерлерге ескерту жасалып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кейбіріне 10 айлық есептік көрсеткіштен 300 айлық мөлшерге дейін айыппұл салынған. Бағаны бақылауға құрылған комиссия өкілдері делдалдықпен айналысқан 292 адамның әрекетін әшкереледі.
Жандос Ханиев, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
- 2 мыңнан астам хронометраждық зерттеулер жүргізілді. 564 кәсіпкерлік субъект анықталды. Бұл жерде үй маңындағы сауда орындары бар, дистрибьютерлік желілер бар. 50-60-20%-ке дейін бірқатар заңбұзушылық болған.