Ардагер энергетиктер кадр тапшылығына алаңдап отыр

Елімізде 2030 жылға қарай энергетика саласында кәсіби мамандарға сұраныс күрт артуы мүмкін. Шығысқазақстандық энергия өндіретін компаниялар дәл осы сұранысқа қазірден әзірленіп жатыр. Өлкедегі ірі мекемелерде аға буын өкілдері жастарды жұмыстың қыр-сырына баулуға ерекше ден қойған. Мәселен, Өскемендегі аумақтық желі бойынша бас инженер Дмитрий Шепотько өз еңбек жолында 200-ден аса қызметкерге тәлімгер болды. Су электр станциясын күрделі жөндеуден өткізуге қатысқан Александр Феодоровтың да болашақ ізбасарларына үйретері көп.

Дмитрий Шепотько 30 жылдан бері Өскеменді электр энергиясымен қамту саласында қызмет етіп келеді. Ол 1500 шақырымға жуық электр желісінің үздіксіз жұмыс істеуіне тікелей жауапты. Бұған қоса 600 қосымша станцияны да бақылайды. Айтуынша, мұнда талап жоғары, салғырттық танытуды, мүлт кетуді көтермейді. Сондықтан әркім кез келген жағдайға дайын болуы керек. Бас инженер елдегі басты мәселені жақсы біледі. «Энергетика саласында екі мың кадр тапшы. Демек келген жастарды баулуға міндеттіміз», – дейді Дмитрий Шепотько. Өзі 30 жылда жүздеген маман дайындап шығарыпты.

Дмитрий Шепотько, аумақтық электр желісі бойынша бас инженер:

- Кадр дайындау бүгінгі күннің ең басты мәселесі дер едім. Біз қол астымызға келген жастарды сапалы, өнімді жұмыс істеуге үйретуіміз керек. Өйткені  болашақ солардың қолында.

Дмитрий Шепотьконың тәрбиесін көріп, тәжірибесінен өткендердің бірі – Толқын Әлімхан. Тәлімгерімен арадағы әріптестік «қарапайым есептегіш құралды ауыстыруды үйренуден» басталыпты. Кейіннен Толқын техникалық шарт жасау бойынша инженер мансабына дейін көтерілді.

Толқын Әлімхан, энергетикалық компания қызметкері:

- «Линия» өшіп қалса, әр адамға соның бәрін жеткізіп, қалай жеткізу керек, дұрыс сөйлесу керек, соның бәрін үйретті. Диспетчер болдым. Диспетчер болғалы көп нәрсеге үйрендім, қазір техникалық инженер болып отырмын.

Ал Александр Фёдоров – су электр станциясын күрделі жөндеуден өткізуге қатысқан бірден-бір білікті қызметкер. Сондықтан жастар онымен әңгімелесіп, шеберліктерін шыңдауға тырысады.

Александр Фёдоров, Өскемен ГЭС инженері:

- Қазақстанда су электр станциясының күрделі жөндеуі сияқты ауқымды жұмыстар көп болған жоқ. Соның ішінде, мәселен, бірінші гидроагрегатты қайта жөндеген кез, содан соң оны толық ауыстырған сәттер мен үшін үлкен мектеп болды. Бұл сала ел экономикасының негізін қалайтын ең маңызды сала деп санаймын.

Расымен де экономиканың қарыштауы қала берді, әр үйде жылу мен жарықтың болуы осы қарапайым да жауапты мамандардың жұмысына тәуелді. Ал кадр жетіспеушілігі болса күрделеніп барады. Енді бес жылдан соң энергетика бағытында 20 мың кәсіби қызметкер қажет болуы мүмкін.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин.