EXPO аумағында қысқы сырғанау маусымы ашылды

Елордада қала тұрғындары мен қонақтарына арналған қысқы ойын-сауық орындары іске қосылды, деп хабарлайды 24KZ. Мәселен, EXPO кешенінің аумағында мұз айдыны мен сырғанақ алаңы жұмыс істеп тұр. Кешкілік қалашық ертегідегідей күйге айналады. Түрлі түсті жарықтар мен әсем әуен келушілерге Жаңа жылдың жақындағанын сезіндіріп, мерекелік көңіл күй сыйлайды.

Ашық аспан астында асыр салып ойнап жүрген бүлдіршіндердің көңілі шат-шадыман. Жазда роллердром болған бұл кешенде қыс бойы коньки тебетін алаң жұмыс істеп тұр. Ең бастысы, балалар мен ата-аналарына ұнап жатыр. Сәулеті келіскен сәнді ортада сырғанап, таза ауамен тыныстау үшін жиі келіп тұрады.

Сауалнама:

- Үлкен балам өте жақсы көреді. Әрқашанда демалыста осындай қызықты жерге барайық деп айтып отырады. Күнде телефонда отыра береміз бе деп.

- Мұнда көп адам және бір сағатына аз ақша төлеуге болады.

Жалпы ауданы 1300 шаршы метрді қамтитын алаң бір уақытта 100 адамды қабылдай алады. Мұз қалыңдығы 11 см. Мұнда өз конькиі бар азаматтар тегін кіре алады, ал егер жоқ болса, жалға алуға болады.

Аружан Дәулетиярова, EXPO іскерлік кешеніндегі мұз айдынының аға әкімшісі:

- Бізде бір сағатқа жалға беру екі мың теңгеден және жарты сағаттық сеанстар бар, олар 1500 теңге тұрады. Айдай алмайтын балаларға немесе үлкендерге көмекшілер бар. Олар мың теңгеден беріледі.

Одан бөлек, EXPO аумағында ересектер мен балаларға арналған сырғанақ алаңы да бар. Мұздың үстінде сырғанауға арнайы тюбингтер де жалға беріледі.

Гүлжан Нөпірова, «QazExpoCongress» ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы:

- Біздің аумақта 2 төбешік орналасқан. Үлкен төбешіктің биіктігі 7 метр болса, кіші төбешіктің биіктігі 5 метр. Үлкен төбешікте жасөспірімдер, үлкендер тебе алса, кіші төбешіктер тек балаларға арналған. Себебі оның биіктігі аласа, ол балаларға ыңғайластырылып істелінген.

Келушілерге қолайлы жағдай жасау үшін кешенде тәулік бойы жерасты автотұрағы мен қоғамдық тамақтану орындары да қамтылған.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Мерей Талап.