Атырауда зияткерлер сайысының облыстық іріктеу кезеңі мәреге жетті

Атырауда «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының облыстық кезеңінің жеңімпаздары анықталды.  Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» Агенттігі» АҚ бірлесіп ұйымдастырған білім жарысына өңір бойынша аудан, қала деңгейіндегі кезеңдерден озық шыққан 35 оқушы қатысты. Соның ішінен үздік шыққан 5 бала республикаға жолдама алды.

Бүгінгі үміткерлердің денін қала мектептерінің оқушылары құрағанымен алыс ауылдың балалары да намысқа тырысып бақты. Солардың бірі Құрманғазы ауданынан келген Гүлжайнар Каспиева химия, физика бағытына бейімі барлығын байқатты. Зейінді жасқа ұстаздары да үлкен үміт артып отыр.  

Эльвира Тәжиева, Гүлжайнардың ұстазы:

- Ауданнан 4 оқушы алып келген болатынбыз. Соның ішінде ең жоғары ұпай мен өзінің білімімен менің Гүлжайнарым өткен болатын. Өте қуаныштымыз. Бұл оқушым өте талантты, мектебіміздің мақатанышы, үздік оқушылардың бірі. Мұндай сайыс оқушыларға керек. Себебі білімдерін шыңдау қажет. Болашақта да жоғары нәтиже көрсетеді деген сенімдемін. 

Атырау қаласындағы Сәбит Мұқанов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Әлхайыр Тұралы болашақта сәулетші болуды армандайды. «Жайық жауһарлары» саналатын «Хан Ордалы Сарайшық», әйгілі «Таскешу» қорғанындағы орта ғасырлық сәулет өнерінің озық туындылары жас талаптың қиялына қанат бітіреді екен. Дегенмен бүгінгі 5 турдан тұратын сайыста болашақ сәулетші қиналғанын мойындады.

Әлхайыр Тұралы, жарыс жеңімпазы:

-  Соңғы тур кішкене қиындау болды. Себебі шешендікке мен өте жақсы емеспін. Бірақ тырысып жатырмын. Сахнаның алдында қобалжып қалдым.

Дильназ Мақсот та биыл мектеп бітіреді. Болашақта жаратылыстану ғылымын таңдауға ниетті. Бүгінгі білім жарысы оның білмегенін үйреніп, таным көкжиегін кеңейткен.

Дильназ Махсот, жарыс жеңімпазы:

- Мен кей жерлерде мысалы әлем тарихы, әлем музыкасына келгенде өте қатты қиналдым. Себебі менің таңдағаным ол жаратылыстану бағыты болғандықтан әдебиет жағынан өте көп қате жібердім деп ойлаймын. Негізі мұндай жарыстың көп болуы бізге, келешек ұрпаққа өте пайдалы Себебі біз осы арқылы білмей қалған сұрақтарымызды біліп жатырмыз. Және білімімізді шыңдаймыз. 

Өрендердің білім деңгейін анықтауға арналған зияткерлік сайыс облыста алғаш рет ұйымдастырылғанымен талапкерлердің талпынысы мықты. «21 ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының облыстық іріктеу кезеңі мәреге жетті. Алда республикалық деңгейдегі кезең күтіп тұр.