«QazaqGaz Aimaq» жұмыс барысына цифрлық технологияларды белсенді енгізіп жатыр
Енді ел тұрғындары газға қосылу үшін бұрынғыдай машақаттанбайды.
«QazaqGaz Aimaq» (қазақ газ аймақ) бұл процесті толық цифрландырды. Жеке және заңды тұлғалар техникалық шарттарды eGov Mobile қосымшасы арқылы онлайн рәсімдей бастады.
Техникалық шарт – бұл нысанды газ тарату жүйесіне қосу мүмкіндігін растайтын құжат. Енді абоненттерге кеңсеге барып, кезекте тұрудың қажеті жоқ. Былтыр өтініш жазу рәсімі Электронды үкімет порталына көшірілген, енді мобильді қосымшада да қолжетімді. Ол үшін тұтынушы жеке тұлғасын растап, «қызметтер» бөліміндегі қажетті жолақтарды толтырса жеткілікті. Өтініш техникалық жағынан күрделілігіне қарай 5 немесе 10 жұмыс күні ішінде қаралады.
Алдияр Шуланов, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Ақпараттық технологиялар департаментінің директоры:
- Бұған дейін өтініш білдірушілер техникалық шарттарды алу үшін құжаттар пакетін жинап, біздің кеңсеге келіп, екі сағаттай уақытын жұмсайтын. Енді соның бәрін онлайн түрде небәрі 5 минутта толтыруға болады. Екінші жобамыз – «Әлеуметтік әмиян». Оны биыл екі өңірде пилоттық режимде іске қостық. Атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмектерін алушылар газға жеңілдікті онлайн рәсімдей бастады.
Сондай-ақ 69 мың шақырым газ тарату желісі цифрландырылады. Бүгінде оның 75%-ы, яғни 52 мың шақырым желіде басқару процестері электронды форматқа көшірілді.
Алдияр Шуланов, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Ақпараттық технологиялар департаментінің директоры:
- Бұл сараптамалық жұмыстарды жүргізу үшін қажет. Яғни қазір біз желілеріміздің орналасқан жерін, диаметрін, техникалық параметрлерін біліп отырамыз. Бұл бағытта әрі қарай жұмыстар жүргізіледі.
«QazaqGaz Aimaq» ел бойынша 2,4 млн тұтынушыға көгілдір отын жеткізіп отыр. Оның 60 мыңы заңды тұлғалар. Енді олармен қосымша келісімшарттарды онлайн рәсімдеуге мүмкіндік туды. Компания қызмет көрсету саласын жетілдіруді келер жылы да жалғастырады.