Ауыл шаруашылығы жерлерін қоршауға субсидия бөлінеді

Киіктен зардап шеккен қожалықтардың жерін қоршауға келесі жылдан бастап субсидия бөлінеді.

Демеуқаржыны беру ережесіне енгізілетін өзгерістер құзіретті министрліктермен келісілді. Бұл туралы  батысқазақстандық шаруалармен кездескен ауылшаруашылық министрінің орынбасары Ербол Тасжүреков мәлімдеді. Ресми деректерге сүйенсек,   киіктің Еділ-Жайық арасын мекендейтін Орал популяциясының саны бүгінде 3 миллионға жуықтаған. Көбейгені сонша малмен бірге жайылып, шабындықтардың шаңын шығарған. Мал азығын әзірлеудегі қиындыққа байланысты биыл Бөкей Ордасы және Жәнібек аудандарында төтенше жағдай жарияланды.  Енді жерді қоршау арқылы осы проблеманы шешуге болады дейді сала басшылары. Алайда шаруалар мұның бәрі уақытша шара ма деп алаңдайды.

Ербол Тасжүреков, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстары біздің министрлік тарапынан арнайы қаржылай қолдау бағдарламасы әзірленді. Барлығын құзіретті министрліктермен қарастырдық. Сондықтан киіктерден өз жерлерін қоршау мәселесін 50 пайыз жасаған шығындары мемлекет арқылы өтелетін болады. Жергілікті бюджеттен қоршау торлары, бағандары бұл нормативті бүгінгі күні осы нарықтың бар бағаларына сәйкестендірілді.

Бауыржан Сабанов, шаруа қожалығының  жетекшісі:

- Қоршау бүкіл проблеманы шешпейді. Ең болмағанда бастамасы болсын, сондай бір ықпал болсын деген мағынада айтып жатырмыз. Киіктің бәрібір болашақта санын азайту керек. Оны азайту үшін кішігірім ет комбинаттары болсын, ірі ет комбинаттары болсын, тері комбинаты, сүйек өңдейтін комбинаттар оңтүстік жақтарда киік жүретін жерде болуы керек.