Үйге жылу, жанға шаттық сыйлайтын мамандар
Жаңажылдық мереке кезінде тәртіп сақшылары мен дәрігерлер сияқты қаланы жылумен қамтамасыз ететін мекеме еңбеккерлері де жұмыста жүреді.
Олар қазандықтың қалыпты жағдайда жұмыс істеуін қадағалайды. Соның арқасында ел жаңа жылды жылы үйде, көтеріңкі көңіл күйде қарсы алады.
Дидар Жолдасбаев «Басқуат» мекемесінде 13 жылдан бері еңбек етіп келеді. Су жылытатын қазандықтың машинисі желтоқсанның 31 күні кезекшілікке түсті. Тәжірбиелі маман жаңажылдық мерекені талай рет жұмыс орнында қарсы алған.
Дидар Жолдасбаев, «Басқуат» қазандығының машинисі:
- Бізде мереке болса да қарамаймыз. Кезекшілік болса жұмысқа шығамыз. Қалаға жылу, халыққа жылу сыйлаймыз. Бүкіл қазақстандықтарды жаңа жылмен құттықтаймын. Үйде жылулық болсын.
Жаңажылдық мерекеде 24 адам екі ауысыммен кезекшілік атқарады. Оларға жүктелетін жауапкершілік жүгі жоғары. Себебі ыстық су тұтыну көлемі артады. Сондықтан мамандар қазандықтардың жұмысын, турбоагрегаттарды тұрақты түрде бақылап, көрсеткіштер ауытқыған жағдайда бірден қалыпқа келтіріп отырады.
Бақытжан Қастаев, «Басқуат» қазандығының ауысым басшысы:
- Төрт су қазандығы, үш бу қазандығы бар. Су қазандығымен қалаға жылу, ыстық су береміз. Мүлтіксіз. Коллективіміз өте жақсы. Талай жылдан бері істеп келе жатқан жігіттер. 12 адам бар. Кезекшілік 12сағаттан.
Бас қазандықта жұмыс істейтін мамандар мыңнан көпқабатты үйді және екі мыңнан аса кәсіпкерлік, әлеуметтік нысанды жылытады. Сол арқылы олар отбасылық мерекенің шырайын кіргізіп, әр шаңырақтағы шаттықты еселейді.