Аң-құсқа 290 тоннаға жуық жем-шөп дайындалды
Ел дастархан жайып, жаңа жылды қарсы алуға дайындалып жатса, Қатонқарағай Ұлттық табиғи паркінде биотехникалық шаралар басталды. Өйткені қақаған қыста орман-тау ішіндегі аң-құсқа қорек табу қиын. Мұндағы қардың қалыңдығы қазір 50-60 см-ге жеткен.
Алда әлі де қар түседі. Аяз да болады. Демек қазірден қам жасамаса болмайды. Парк қызметкерлері осы күнге дейін жануарларға арнап 27 тонна шөп, 3 мың келі жем және 4 мың келі тұз шашқан. Омбы қарда азықтан тарыққан елік, марал, қоян, жабайы қабан сынды түз тағылары үшін бұл үлкен көмек. Қатонқарағайда қыс 6-7 айға созылады. Сондықтан қамбада қосымша 290 тонна жем шөп, 27 келі тұз бар. Орман қорғаушылар жаңа жылдық мереке кезінде де демалмай, бұл жұмысты жүйелі түрде жалғастыра береді.
Арнас Ауғанбаев, Қатонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары:
- Таулы аймаққа қар қалың түсті, біздің әр инспекторлық айналымында өзінің қоректендіретін жерлері дайындалып, шөптері, бейнектер, сол жерлерге келіп жем, тұздар салады. Енді бізде қазір желтоқсан айларында көп мерекелік күндер бар, соған қарамастан біздің инспекторлық құрам мереке, демалыс күндеріне қарамай толығымен жұмыс атқарып отырамыз және орманға демалушылар да көп келеді.