Металлург – мәртебелі мамандық
Ақтөбелік металлургтер балқытқан темір мұхит асып, әлемнің 40-тан астам елінде қолданылып келеді. Сұранысы жоғары феррохром металын өндіру үрдісі 80 жылдан астам уақыт бойы үзілмеген. Болаттай берік балқытушылардың жұмысы жаңа жыл түні де домна пешінде қызып жатады.
Данияр Нұрболат Ақтөбе ферроқорытпа зауытында 9 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бастапқыда домна пешіне металл рудасын салушы болған. Одан соң балқытушы, қазір ауысым шебері. Яғни феррохром өндірісін қадағалап отырады. Кестеге сай жаңа жыл түні де басқару пультінің жанында болуы тиіс.
Данияр Нұрболат, металлург:
- Жаңа жыл мерекесін демалысқа шыққан күні атап өтеміз. Ал 31 желтоқсан біз үшін әдеттегі ауысым. Себебі металл балқыту процесі үзілмеуі тиіс. Жақындарымызды жаңа жылмен үзіліс кезінде телефонмен құттықтап қоямыз. Жаңа жылда елге бейбітшілік тілеймін. Экономикамыз дамып, металл көп болсын.
Данияр Нұрболаттың жұмыс орны зауыттағы нөмірі бірінші цехте орналасқан. Қазақстанның қара металлургия тарихы дәл осы жердегі «Комсомолка» пешінен басталған. Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде алғаш рет металл балқытқан пеш үш жыл бұрын жаңғыртылып, заманауи құралдармен жабдықталды.
Данияр Нұрболат, металлург:
- Жоғары көміртекті феррохром барлық жерде медицинада, құрылыста қолданылады. Жартылай өткізгіш өнеркәсібі мен ғарыш саласында да өз орны бар. Сондықтан мұндай кәсіпорындардың үздіксіз жұмыс істеуі маңызды деп ойлаймын.
Аса берік шойынды өндіруге қолданылатын ферроқоспалар зауытының бірінші цехі тәулігіне 230 тонна металл береді. Дайын өнімнің 97%-і экспортталады. Тұтынушылар қатарында Франция, Жапония, АҚШ және Италия сынды әлемнің 40-тан астам мемлекеті бар.