Шамиль Ғұмаров «Қонаев жылу орталығы» мекемесінде ширек ғасырдан бері еңбек етіп келеді
«Қонаев жылу орталығы» мекемесінің басшылық құрамы мен қатардағы қарапайым жұмысшылары Жаңа жылды қарсы алу кешінде кезекшілікпен қызмет етеді.
Коммуналдық кәсіпорын қаладағы 1300-ге жуық үй мен 50 шақты әлеуметтік нысанды жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. «Сондықтан жұмысты бір сәтке де тоқтатуға болмайды», – дейді мамандар.
Шамиль Ғұмаров «Қонаев жылу орталығы» мекемесінде ширек ғасырдан бері еңбек етіп келеді. Талғардағы техникалық маман даярлайтын училищені бітірген ол мұнда 1996 жылы қатардағы қарапайым қуаткер болып жұмысқа орналасты. Кейін су және бу қазандықтарының учаске басшысы қызметіне көтерілді. Жылу орталығының бас инженері қызметіне тағайындалғанына биыл 8 жыл болды.
Шамиль Ғұмаров, Жылу орталығының бас инжернері:
- 31 желтоқсан күні бәріміз кезекшілікпен жұмыс атқарып жатырмыз. Мұндағы жабдықтар бір сәтке де тоқтамайды. Бұрын мазут жағатынбыз, 3 жыл бұрын газға көштік. Көгілдір отынның бір артықшылығы – облыс орталығындағы экологиялық жағдай жақсарды. Құрал-жабдықтар жиі сынбайтын болды.
«Қонаев жылу орталығы» жұмысшыларының көбі Шамиль Құсайынұлын ұстаз тұтады. Бір мекемеде табан аудармастан 30 жылға жуық уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан білікті маман жастарға үлкен сенім артып, қолдау көрсетіп отырады.
Оңғарбек Махамбетов, Жылу орталығының директоры:
- Мен өзім осы 2012 жылы жұмысқа кірдім. Осы кісі Шамиль Кусаинович мені күтіп алды. Бастапқы тәрбиелерін, осы жақтың жұмыс кестелерін, бәрін осы кісі үйретті. Әлі де жұмыс жасап келе жатырмыз. Шамиль Кусаинович жақсы адам. Өз мамандығының иесі деп те айтамын. Өйткені біздің қазандықтардың бүкіл инженерлік сипаттауын, бәрін біледі.
Елена Артамонова, су жылыту қазандығының машинисі:
- Біз жаңа жыл кешімен қоса басқа мерекелер кезінде де ешқандай үзіліссіз жұмыс істейміз. Өйткені тұрғындарға ыстық су мен жылу реджимдік картаға сәйкес тұрақты берілуі тиіс. Шамиль Кусаинович өз ісін өтежақсы біледі. Көмек сұрасай қалсаң ешқашан бас тартпайды. Жастарға білгенін үйретіп, ақыл-кеңесін айтып отырады.
«Қонаев жылу орталығы» қаладағы 300-ге жуық көпқабатты тұрғын үй мен жеке секторда орналасқан мың шақты жер үйді және 50 шақты әлеуметтік нысанды жылумен, ыстық сумен қамтамасыз етеді. «Біздің міндетіміз – өзімізге жүктелген жұмыс үдерісін үзбеу. Бұл тапсырманы жаңа жылда да мүлтіксіз орындауға бар күшімізді саламыз», – дейді мамандар.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов