Қарағанды облысының 63 ауылында ішімдік сатылмайды

Қарағанды облысының 63 ауылында ішімдік сатылмайды. Бұл елді мекендерде жыл бойы ешқандай қылмыс тіркелмеген.

«Ішімдіксіз ауылдардың» басым дені Ақтоғай, Қарқаралы және Осакаров аудандарында орналасқан. Тұрғындар мерекелік, той дастарханына түрлі шырын мен тәтті сусын қоюды дәстүрге айналдырған. Бұл бастаманы ауыл ақсақалдары көтерген. Өңір халқы қылмыстың алдын алуға белсене атсалысады. Құқық қорғау бағытында жұмыс істейтін 144 қоғамдық құрылым бар. Ауылдық жерлерде құрылған 14 жасақ учаскелік инспекторларға көмектеседі. Жоғары оқу орындарында студенттерден құралған 6 жасақ қоғамдық тәртіпті қадағалайды. 

Жасқайрат Қайыров, облыстық Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Біз 2023 жылдан бастадық. Биылдың өзінде сол 63 ауылдың ішінде 26 ауыл енгізілді. Ол – қоғам белсенділерімен, ауыл ақсақалдарымен бірге істеп жатқан шаралар.