Шымкентте екі мың полицей кезекшілікке шықты

Шымкентте мерекеге орай тәртіп сақшылары күшейтілген жұмыс кестесіне ауысты, деп хабарлайды 24KZ. Полицейлер үшін бірінші кезекте қоғамдық тыныштықтың сақталуы мен халықтың амандығы маңызды. Осылайша антына адал жандар әдеттегідей жаңа жылды қызмет бабында қарсы алмақ.

Жаңа жыл жалпыжұрттық мереке болғанымен, бұл күні полицейлердің жұмыс кестесі күшейтіледі. Қоғамдық тәртіпті сақтап, ел тыныштығын күзету үшін жол жүру ережелері ұдайы ескертіледі.

Заманбек Зейнолла, қалалық ПД патрульдік полиция полкінің взвод командирі:

- Мейрам болғаннан кейін, көңіл күй болғаннан кейін жүргізушілерге барынша қарасамыз. Мейлінше ескертіп, жол жүру ережесін бұзбауын, өзінің және басқалардың да денсаулығына қауіп төндірмеуін ескертіп, түсіндіріп жібереміз.

Патрульдік полиция полкінің взвод командирі Заманбек Зейнолла қауіптің алдын алудың маңызы зор деп санайды. Себебі мерекеде көлік тізгініне масаң күйде отырған жүргізушілер болса, жол-көлік оқиғалары көбейеді. Сол себепті халықтың қауіпсіздігін сақтау үшін полицейдің міндеті мінсіз атқарылуы керек.

Заманбек Зейнолла, қалалық ПД патрульдік полиция полкінің взвод командирі:

- Бәрінің көңіл күйі керемет. Кімді тоқтатсақ та, бірінші бізді құттықтап жатады. Біз де құттықтап жатамыз жүргізушілерді. Неше түрлі қызықтар боп жатады. Аяз ата болып сыйлық таратып жүретіндер болады. Енді мемлекеттік қызметкер болғаннан кейін бізге сыйлық алу – заңсыздық. Ондай сыйлықтар қабылдай алмаймыз.

Әке жолын жалғаған аға лейтенант Заманбек Зейнолла үшін отбасылық мереке онлайн тойланады. Жары мен балаларына құттықтау хаттарын жіберіп, сыйлықтар алмасатынын айтады. Ал қоғамдық шаралардың қауіпсіз өтуі мен қала көшелеріндегі тәртіпті сақтау басты орында қала береді.

Махаббат Жүнісбекова, қала тұрғыны:

- Жаңажылдық көңіл күй сыйлап, халықтың көзін қуантып, мерекенің жақындағанын еске салу мақсатында осылай шыққан жағдайымыз бар. Осындай ғажайыптарға үлкендер көбірек сенгісі келетін сияқты қазір. Жалпы Қазақстан халқын келіп жеткен 2025 жыл жылан жылымен құттықтаймын.

Қоғамдық тыныштықты сақтау үшін тәртіп сақшыларының жаңа жыл қарсаңында жедел алдын алу шаралары артады. Жұмысқа деген жауапкершіліктен «Шырша», «Пиротехника» сияқты рейдтер өткізіліп, оқыс жағдайларды болдырмау міндеті екі мыңнан аса полицейге жүктеледі.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.