Алматыда қайырымдылық шыршасы өтті
Алматыда балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған жаңажылдық, қайырымдылық шырша өтті, деп хабарлайды 24KZ. Ұйымдастырушылар мерекелік бағдарламаны жасанды интеллект көмегімен әзірлепті. Балдырғандар жасанды сана ойлап тапқан ойындарды ойнап, сұрақтарына жауап берді. Белсенділері Аяз ата мен Ақшақар қолынан сыйлық алды.
Оқушылар сарайындағы мерекеге қаладағы балалар үйінен 170 бүлдіршін шақырылған. Дәстүрге айналған қайырымдылық шараны қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті мен Алматы әкімдігі бірлесе ұйымдастырды. Қазір қаладағы балалар үйінде 260-тан аса балдырған тәрбиеленеді.
Рафаэль Гасанов, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі:
- Мұнда балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді толық әкелгеніміз жоқ. Себебі аяғын жаңадан басып жүрген, тілі шықпаған сәбилерді қоғамдық шараларға қатыстыру қауіпті. Құлап қалуы мүмкін, адасып кетуі мүмкін. Бірақ кішкентайларға да сыйлықтарымыз бар. Оны осы мерекелік шара аяқталған соң Аяз атамен бірге жеткізіп береміз.