Жас маман жаңа жылды қонақүйдегі жұмыс орнында қарсы алды

Жаңа жылдың алғашқы күні.

Жантөре Молдашов әдеттегідей қонақ үйдің дайындығын тексеріп жүр.

Жатын бөлмелерінің мұнтаздай тазалығы өз алдына, мейрамхананың әзірлігі мен ондағы ас мәзірі де  қонақтардың көңілінен шығуы тиіс. Осы жердің әкімшісі ретінде бәрі де Жантөренің мойнында.  Жас маман үшін мерекені жұмыс орнында қарсы алу үйреншікті жағдай.  Жұмыс кестесі биыл да жаңа жылға тұспа тұс келді.

Жантөре Молдашов, қонақ үй әкімшісі:

- Жаңа жылда жұмыс істеген ауыр шынын айтқанда. Өйткені әрбір жұмыскердің өзінің отбасы бар. Қасында болу керек. Жаңа жылды бірге қарсы алу керек. Бірақ қанша дегенмен бұл жұмыс. Қонақ үй 24/7 жұмыс істейді. Әрбір жұмыскер жұмыс орнында жаңа жылды қарсы алуға келген адамдарды күтіп алуы тиіс.

Өңірде 360-тан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Соның 12-і республикалық маңызға ие. Былтыр 13 мыңнан астам турист келген.  Қарлы боранға қарамастан Ұлытаудың киелі орындарына сапарлайтын экстремалды туризмге әуес адамдардың қатары да көп. Әрине, олардың сапары қонақ үйден басталады. Жантөре жетекшілік ететін кешенде оларға жөн сілтеп, бағыт-бағдар беретін мамандар бар.

 Жантөре Молдашов, қонақ үй әкімшісі:

- Басқа елдерден де келіп жатқан адамдар бар. Қытайдан болсын, арабтар да, ағылшындар, американдықтар келеді. Жалпы мен ондай адамдар біздің қалада болады деп ойлаған жоқпын. Және олардың біздің қалаға келуі мені қуантады. Қазақстандықтарды, облыс тұрғындарын келіп жеткен жаңа жылмен құттықтаймын. Осы жыл әрбірімізге табысты болсын. Біздің елімізге жақсы жаңалықтар алып келсін.

Өңірге келетін туристер санының артуына байланысты тарихи орындар маңында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүріп жатыр. Былтырдың өзінде 3 қонақүй ашылды. Соның бірі Жантөре жетекшілік ететін осы кешен. Уақытпен санаспай меймандарға тік тұрып қызмет көрсетіп жүрген жас маман болашақта қонақ үй бизнесін одан әрі дамытсам дейді. 

Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов