Петропавлдағы жаңа балабақша қала шетіндегі тұрғындардың мәселесін шешті
Петропавлда балабақша ашылды, деп хабарлайды 24KZ. Құрылысына облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінді. Мектепке дейінгі білім беру мекемесі қала шетіндегі «Береке» шағынауданында салынды. Бұл сол жақта тұратын ата-аналар мен балалар үшін зор қуаныш болды.
Балабақшаның қала шетіндегі «Береке» шағынауданында ашылуы бекер емес. Бұл жақта тұратын ата-аналар мектепке дейінгі білім беру мәселесін көптен бері көтеріп келген. Өйткені көбі баласын орталыққа апарып әкеледі. Тағы бір жайт, қазақ тілді топтар аз болды.
Ғалия Сәрсекеева, балабақша меңгерушісі:
- Балабақшаның ерекшелігінің бірі, бұл біз екі жасқа дейінгі балалардың тобы болады. Бұндай мемлекеттік балабақшалар әлі тіпті облыс деңгейінде болған емес. Жалпы бұл ықшамауданда көптен бері қазақ тілді топтар болған жоқ.
Былтыр Петропавлда екі бірдей жаңа балабақша тапсырылды. Биыл тағы біреуі бой көтереді. «Жас өркен» шағынауданында салынатын бөбекжайға шетелден қайтарылған заңсыз активтерден 2 млрд теңге бөлініп отыр.
Айнагүл Сұрағанова, білім басқармасының басшысы:
- «Жас Өркен» ықшамауданында тағы да 200 орынға арналған балабақша ашылмақшы. Жер мәселесі барлығы шешілген. Қаржы бөлінген. Ол ықшамауданы да – жаңа дамып келе жатқан жаңа аудан. Сондықтан онда мектепке дейінгі бала саны өте көп.
Бұл мектепке дейінгі білім берудегі орын тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Қазір облыс орталығында 700-ге жуық бала кезекте тұр.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков.