1 қаңтардан бастап әлеуметтік төлемдер мөлшері артты

Жаңа жылдан бастап елде айлық есептік көрсеткіш пен ең төменгі күнкөріс деңгейі өседі, деп хабарлайды 24kz.

Бұл тұрғындарға төленетін әлеуметтік төлем көлеміне әсер етпек. Мәселен, жеті жасқа дейінгі мүгедек бала асырап отырған ата-аналар мемлекеттен енді ай сайын 74428 теңге жәрдемақы ала алады. Ал «Алтын алқа», «Батыр ана», «Ана даңқы» орденінің иегерлеріне 29 мың теңгеден астам көмек қарастырылған. 1 қаңтардан бастап әлеуметтік төлемдер жүйесінде тағы қандай өзгерістер күшіне енеді?

Жаңа жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш көлемі өседі. Бұдан былай оның сомасы 3932 мың теңге болады. Сондай-ақ ең төменгі күнкөріс деңгейі 46228 теңге деп бекітілді. Бұл өзгерістерге байланысты елде зейнетақы, жәрдемақы және өзге де әлеуметтік төлемдер мөлшері өзгереді. Мәселен, 2025 жылы барлық зейнетақы сомасы 8,5%-ке артпақ.

Гүлмира Сүлейменова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комитетінің бас сарапшысы:

- Ең төменгі зейнетқанының мөлшері 62 771 теңгені құрайды. Қазіргі таңда республика көлемінде бізде зейнетақы алушылардың саны 2 млн 400 мыңнан астам. Осы республикалық бюджетте қарастырылған қаражатқа сәйкес, барлық зейнетақы көлемі 8,5%-ке артады. 2025 жылдан бастап осы аталған көрсеткіштер жоғарылайды. Ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері 65-тен 70%-ке өседі.

Жалпы елде 4,5 млн-нан аса адам әлеуметтік көмек алады. Соның 2 млн 400 мыңы зейнеткер санатына жатқызылады. Ал жәрдемақы алушылар  2 млн 100 адамға жетті. Сондықтан жаңажылдық өзгерістер бейнетінің зейнетін көріп отырған жандар үшін ғана емес, денсаулығына, өзге де әлеуметтік жағдайына байланысты мемлекеттен көмек алатындарға қатысты. Айталық, бала санына қарай ел қазынасынан көпбалалы отбасыларға берілетін  қаржының ең жоғары көрсеткіші 15728 теңгеге өсті.

Төрт балаға – 63 030 теңге (2024 жылы – 59 183 теңге)

Бес балаға – 78 798 теңге (2024 жылы – 73 988 теңге)

Алты балаға – 94 565 теңге (2024 жылы – 88 973 теңге)

Жеті балаға – 110 332 теңге (2024 жылы – 103 598 теңге)

Сегіз және одан көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 15 728 теңгеден (4 АЕК) қосылады (2024 жылы – 14 768 теңгеден).

Гүлмира Сүлейменова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комитетінің бас сарапшысы:

- Республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақылардың барлығы да әлеуметтік кодексте көрсетілген: олардың кейбірі АЕК есебінен анықталады, ал кейбіреулері күнкөріс деңгейінің мөлшерінен анықталады. Сондықтан барлық жәрдемақылар осы көрсеткіштер есебінен ұлғаятын болады. Шамамен 6,5%-ке.

Сонымен қатар бала өмірге келгеннен кейін берілетін бір реттік жөргекпұл сомасы 1 қаңтардан бастап 149416 теңге деп бекітілді. Ал төртінші немесе одан да көп бала болса, 247716 теңге мемлекеттік көмек аласыз. Бір ескерерлігі, жәрдемақы мөлшері егіз не үшем, сондай-ақ төртемдерге әр бала үшін жеке-жеке есептеледі. Мемлекет осы және өзге де әлеуметтік төлемдерге биыл бас-аяғы 6 трлн теңге қаржы қарастырып отыр.

Авторы: Назерке Тоқжан