Жетісу облысында тұратын шаруа асылтұқымды арғымақ баптаумен айналысады

Жетісу облысы Ақсу ауданында тұратын шаруа Қанат Әбдірахманов жылқы малын көбейтіп отыр, деп хабарлайды 24kz.

Одан бөлек, асылтұқымды арғымақ баптаумен де айналысады. 2024 жыл кәсіпкер үшін табысты болды. Облыс орталығында бордақылау алаңын салды. Қиындығы мол ата кәсіпті дамытып отырған еңбек адамы ауылдастарынан да көмегін аяған емес.

«Бөдене» деп атаған бұл жүйрікті Қанат Әбдрхманов жеті айлық құлын кезінде сыйға алған. Ағылшын-араб тұқымды сәйгүлікті өзі баптап, талай рет бәйгеге қосты. Жарыстарда оза шауып, алдына жан салмаған жануар сан мәрте иесінің абыройын асқақтатты.

Қанат Әбдірахманов, шаруашылық жетекшісі:

- Құнанына дейін жақсы жүгірді. Құнанынан бастап осы «Бөденем» болғаны үшін фазенда аштым. Осында қою үшін. Анда апарам, мында апарам қорқады, мынау чистокровный деп. Одан кейін баз алғаннан кейін бір үйір жылқы сатып алдық.

Бір үйір жылқыдан басталған қожалықтағы мал басы еселі еңбектің арқасында көбейді. Соған байланысты инвестициялық жобамен жер алып, үлкен шаруашылық құрды. Қазір төрт түліктің төресі жаз жайлауға, қыс қыстауға шығады.

Абылай Әбдірахманов, Қ.Әбдірахмановтың ұлы:

- 600 бас жылқы. Болашақта мың басқа шейін жеткіземіз деген ой бар. Биыл енді Талдықорған қаласынан бордақылау алаңын салып 60 сотокта. Қазір сол жақта жылқы бордақылап, ары қарай сату мақсатында жұмыс істеп жатырмыз.

Шаруа жылқы өсірумен қатар жер жыртып, егін егеді. Қызмет көрсету ісін де ілгерлетіп отыр. «Жиырмадан аса адамды жұмыспен қамтыған кәсіпкер әртүрлі саладағы шаруаны ұршықша иіру үшін ең алдымен ынта-жігер керек», - дейді.

Қанат Әбдірахманов, шаруашылық жетекшісі:

- Еңбекқор болу керек. Ерінбеу керек. Таңертең ерте тұру керек. Жасаған жұмысыңа сүйіспеншілік. Сондай қасиеттер болу керек. Адамдармен жұмыс жасасу керек. Комбойнер малшы деген дефицит. Менің адамдарым қасымда он бес жылдан жүр. Қыстай малшыларыма, трактористеріме соғым сойып беремін.

Алпыстан асқан Қанат Әбдрахманов ұзақ жыл бойы зоотехник болып жұмыс істеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін жеке кәсіпкерліктің іргетасын қалады. «Енді бар шаруаны ұлдарыма тапсырып, жарыммен бірге немерелердің қызығын, бейнетінің зейнетін көрсем», - дейді еңбекқор жан.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев