Ақмола облысында құс күйттеп, ит баптайтын аңшы көбейді

Жергілікті саятшылар халықаралық және республикалық жарыстардан олжалы оралып жүр, деп хабарлайды 24kz.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Сейілбек Жақашев бала күнінен қыран ұшырып, құмай баптайды. Қазір екі бүркіті бар. Күн сайын қырандарының томағасын сыпырып, бір желпіндіріп тұрады. Құстың тілін таныған тәжірибелі саятшы күніне 3-4 сағатын осы сүйікті ісіне арнайды.

Сейілбек Жақашев, құсбегі:

- Осы бір құсбегілікті, саятшылықты бала күнімізден жанымызға медет еткенбіз. Әкеміз аңшы болған кісі. Бірақ құс салмаған. Енді қазіргі кезде мына құсымның есімі «Дос». Ал, екіншісі балапан. Оның аты «Ақселеу». Мен күніне жоқ дегенде 3-4 сағатым осы құстарыма кетеді. Ұшырып келем, тамағын берем, қасында сөйлесіп отырам.

Сейілбек Жақашевтың қыраннан бөлек, құмай тазылар да бар. Баптап жүрген 3 тазысы ірі жарыстарда олжа салған. Өзі де аймақта бірнеше рет тазы жүгірту додасын ұйымдастырыпты. Бірақ қазір елімізде асылтұқымды ит баптауға тиісті көңіл бөлінбей тұрғанын жасырмады.

Сейілбек Жақашев, құсбегі:

- Қолдаулар көрсетілсе, бұл қазақтың тазысы дамиды. Негізі бұл қазақтың тазысы, қазақтан басқа ешкімге керек жоқ. Соған бір қатты алаңдаймыз. Ертең көлденең көк аттылар патенттеп кетпесін деп. Өзіміздің құндылығымыз ғой ата-бабамыздан келе жатқан.

Жергілікті сала мамандары жүлде алып жүрген тазыларды ерекше қамқорлыққа алу шараларын ұйымдастырмақшы. Мысалы, облыста итбегілер қауымдастығын ашу жоспары бар.

Игілік Оспанов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы:

- Қазіргі уақытта біз тазыларды дамыту жөнінде аккредителген федерация жоқ. Сондықтан 2025 жылы бұл бағытта жаңа бағдарлама іске қосылады деген ойдамыз. Мемлекет басшысы да бұл мәселені тапсырған болатын. Қазір аймақтағы итбегілер тазыларды өздерінше дамытып жатыр.

Қазір аймақта осындай таза баптайтын 100-ден астам итбегі бар. Олар өңір намысын түрлі республикалық, халықаралық сайыстарда лайықты деңгейде қорғап жүр. Алдағы уақытта тиісті қолдау күшейтілсе, аймақтағы асылтұқымды иттер саны артып, итбегілер қатары көбейетініне сенім мол.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко