СҚО-да мереке күндері мыңнан астам полицей қызмет атқарды

Солтүстік Қазақстан облысында мереке күндері мыңнан астам полицей қызмет атқарды.

Яғни жеке құрамның әрбір үшінші қызметкері кезекшілікке шықты. Олар жаңа жылдың алдында күшейтілген жұмыс кестесіне көшіп, қоғамдық тәртіпті күзетті. Сонымен қатар тас жолдарда кезекшілік етіп, жолда қалып қойған адамдарға көмектесті.

Патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Владимир Моисеев құқық қорғау органдарында 20 жыл жұмыс істейді. Сондықтан ол үшін мереке күндері кезекшілік ету үйреншікті жағдайға айналған. Бұл жолы да  солай болды.

Владимир Моисеев, облыстық патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы:

 - Таңғы 8-ден «Петропавл-Жезқазған» тас жолына шығып, кезекшілік атқарамыз. Мереке күндері осылай жұмыс істейміз. Оған отбасым да үйреніп кеткен. 

Өңірде жаңа жылдық демалыс күндері мыңнан аса полицей қызмет атқарды. Оның ішінде жедел басқару орталығының мамандары да бар. Бұл жерге қала бойынша 10 мыңға жуық бейнебақылау камерасы қосылған. 

Жандос Асылбаев, жедел басқару орталығының бастығы:

 - Былтыр бейнебақылау камералары арқылы 15 мыңнан аса заңбұзушылық анықталды. Оның басым бөлігі жол қауіпсіздігіне байланысты. Қалғаны қоғамдық орындарда тіркелді. 

«Мереке күндері әсіресе рөльге мас күйінде отыратындар көбейеді», - дейді полицейлер. Мысалы, былтыр облыс бойынша осындай 1100-ге жуық жүргізуші ұсталды. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков