Қаңтар оқиғасы кезінде ұлттық мұраны қорғап қалған музей басшысы естелігімен бөлісті
Екі жыл бұрынғы Қаңтар оқиғасы Алматы қаласына ауыр соқты. Қалада арандатушылар мен тонаушылар да арам пиғылын жүзеге асырып қалды, деп хабарлайды 24kz.
Дүкендерді тонап, ғимараттарды қиратып кетті. Президенттің Алматыдағы резиденциясы мен қала әкімдігінің ғимараты өртенді. Ал жанындағы мемлекеттік орталық музейді бүлікшілер басып алғанымен, мұражай қызметкерлері жәдігерлерді талқандап, қолды қылуға жол бермеді. Ұлттық мұраны қорғап қалуға атсалысқан басшы Бибігүл Дәндіғараева сол уақытты еске алып, естелігімен бөлісті.
Бибігүл Дәндіғараева сол жылы Алматыдағы мемлекеттік орталық музейдің директоры міндетін атқарған. Қазір ол «Таңбалы» мемлекеттік музейінің басшысы. 5 қаңтарда көшеге шыққандардың орталық алаңға бет алғанын естіп, көптеген музей қызметкерлерін ертерек үйлеріне қайтарған. Тек қауіпсіздік және техникалық бөлім басшылары қалған. Бибігүл Дәндіғараева бастаған жұмысшылар музейді екі тәулік күзеткен.
Қалың топ кешкі төртте музейдің есігін талқандап, ішке кіріпті. «Олардың талап-мақсаттары әртүрлі болды», - дейді Бибігүл Дәндіғараева.
Бибігүл Дәндіғараева, «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының директоры:
- Үш топ тұрды ол жерде. Біріншілері діни бағыттағы адамдар, екіншілері біздің жастардың ішінде болады ғой қызба, сол нәрсеге, бір арандатушылыққа беріліп, сондай болып кеткен, шынымен не үшін жүргенін білмейді. Әйтеуір бір сол бағытта шыққан жастар да болды. Үшіншісі тонаушылар.
Музей қызметкерлері бүлікшілерді орталық залдан әрі асырмай, экспонаттар сақталған бөлімдерге өткізбейді. Музей – ұлттың тарихы сақталатын орны, оны бүлдіруге болмайтынын түсіндіреді. Бибігүл Дәндіғараеваның тапсырмасымен экспонаттар бөлімі ертерек жабылып, жарықтары сөндіріліпті.
Тілектес Досжан, ҚР Мемлекеттік орталық музейінің бөлім жетекшісі:
- Ол кісі жолда жете алмай келе жатқандығын айтты да, тез арада залдарды жабуымды бұйырды. Мен тез-тез залдардың барлығын қасымызға өрт сөндіруші бар, электрик бар, барлығын алып, тексердік те, залдардың барлығын сағат 11-де жауып тастадық та, бізге соның арасында бастығымыз келді де, жұмыстан қайтуымызды бұйырды.
Бибігүл Дәндіғараеваның айтуынша, бүлікшілер музей қызметкерлеріне күш көрсетпеген.
Тек ғимаратта жылынып, жоспар құрып, әрекеттерін пысықтап отырған. Музей қызметкерлері сол күні жарақат алғандарға да көмек көрсетіпті. Тіпті арандатушылардың құрбаны болған, тобырдан жүрексінген бірқатар адамды музейдің артқы есігінен шығарып, үйлеріне жіберген. Бибігүл Дәндіғараева: «Біздің мақсатымыз бағалы жәдігерлерді қорғап қалу болды», - дейді. Себебі, музейде 300 мыңға жуық жәдігер бар.
Бибігүл Дәндіғараева, «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының директоры:
- Мен кейіннен ойландым, мен қалай ақымақпын, өзім қала бермей әріптестерімді неге алып қалдым деп. Ананың біреуі оққа ұшса, міндетті түрде басшы ретінде, соларды бастаушы ретінде міндетті түрде мен жауапқа тартылатын едім немесе орны толмас өкініш болатын еді менде. Мен адам жоғалтып алатын едім. Оның анасы сұрамай ма менен, жолдасы сұрамай ма, баласы сұрамай ма?!
«Ұлттық мұраны жалғыз болғанда қорғай алмайтын едім», - дейді Бибігүл Дәндіғараева. Оған күш берген, батылдық берген музей қызметкерлері. Ауызбіршіліктің арқасында ғана бүлікшілердің бетін қайтарып, музейді екі тәулік бойы күзеткен. Осылайша, ұлттық мұраға төнген қауіпті сейілткен.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов