Қаңтар оқиғасында жаралы курсантты құтқарып қалған Алматы тұрғыны естелігімен бөлісті

Алматылық Мария Чечина Қаңтар оқиғасы кезінде үш бірдей жігіттің өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды 24kz.

Жарақат алған жігіттерге көмек көрсетіп, оларды автокөлігімен айтқан жерге жеткізіп тастаған. Тіпті олардың қай оқу орнында оқитынын анық білмейді. «Әскери институттың курсанттары болуы мүмкін», - дейді. Біздің тілшілеріміз Мария Чечинаны іздеп барып, сұхбаттасып қайтты.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Қаңтар оқиғасынан бері үш жыл уақыт өтсе де, сол күндер Мария Чечинаның кешегідей көз алдында. Оның үйі қаланың орталығында орналасқан. 5 қаңтар күні ертеңгісін жұмысына барған. Бірақ бір дүрбелеңнің боларын сезіп қайтып кеткен. «Себебі, әлеуметтік желіден түрлі хабарламалар түсіп жатты», - дейді. Келген соң терезеден көшеде адам қарасының қалыңдай түскенін көреді. Тағы бір қарағанда 4-5 адамның аулаға жүгіріп кіргенін байқап қалады. Оларға көмек қажет екенін сезіп, бірден сыртқа ұмтылған.

Мария Чечина, Алматы қаласының тұрғыны:

- Менің пәтерім бірінші қабатта. Терезені ашып, «подъезге кіріңдер» деп айқайладым. Жап-жас жігіттер. Әскери киім киген, жаралы екен. Кірді де, құлады. Оны алып келгендер әскерилер емес. Қарапайым азаматтар. Оларға: «Тез үйлеріңе қайтыңдар», - дедім.

Мария Чечинаның айтуынша, ол курсант болуы мүмкін деп топшылаған жігіт подъезде жатқан.

Пәтерге кіруден бас тартқан. Мария су, дәрі-дәрмек беріп, телефонын интернетке қосып, басшысымен хабарласуға көмектескен.

Мария Чечина, Алматы қаласының тұрғыны:

- Ол үйге кіруге мүлдем қарсы болды. Мен әскери адаммын. «Бізге қатардағы азаматтардан көмек сұрауға, үйіне кіруге болмайды», - деді. Подъезде жатты. Оның әскери міндетіне аса зор жауапкершілікпен қарағанына риза болдым. Көзіне зақым келген. Қабырғасы сынып кеткен сияқты. Жағдайы өте ауыр болды. Қиналып жатып қазір өзін іздеп келетінін айтты. Терезеден қарап тұрып едім, екі жігіт келді. Әскери екені анық. Бірақ сырт киімдері жоқ. Курсантқа айтып едім, соңғы күшін жинап, сыртқа шықты. Екі жігіттің қасына жетіп құлап түсті.

Олар Марияға жедел жәрдем шақырып беруін өтінген. Бірақ оның келмейтіні анық еді. Қасынан өтіп жатқандардың ешқайсысы бұрылмаған. Содан кейін өзі көмекке ұмтылған. Автокөлігіне үшеуін салып алып, көшедегі дүрбелеңге қарамастан Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына апарып тастаған.

Мария Чечина, Алматы қаласының тұрғыны:

- Олар небәрі 19-20 жастағы жас жігіттер. Менің өзімнің де балаларым бар. Сондықтан қарап тұра алмадым. Жүрегім шыдамады. Өзімді сондай ерлік жасадым деп ойламаймын. Мен осы Алматыда туып өстім. Оның әрбір тұрғыны маған жақын. Ал, курсанттар өздерінің өмірін қауіпке тігіп, бізді қорғады емес пе?! Мен тек оларға қалғабыс жасадым.

Мария Чечинаның мамандығы – заңгер. Халықаралық компанияның бірінде жұмыс істейді. Қаңтар оқиғасынан кейін оған қайырымдылығы мен мейрімділігі үшін «Шапағат» медалі табысталды.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев